×

Атырауда өткен жиында облыс әкімі мен белсенді Алмасбек Садырбаев сөзге келіп қалды

Облыстағы фермерлер әкімге мәселелерін айтты

 Айнұр Асылбекқызы 23.02.2022 | 09:38
фото: Halyq Uni

21 ақпанда Атырауда «Шопан-ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты жиын өтті. Жиында жергілікті фермерлердің мұң-мұқтажын тыңдау барысында Алмасбек Садырбаев пен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөзге келіп қалып, ыңғайсыз жағдай болды. Кейін бірін-бірі сабырға шақырып, негізгі мәселені қарау әрмен қарай жалғасты.  

Жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, шаруа қожалықтарына несие беру мен субсидиялау, шаруаларды жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, жайылым мен су тапшылығын шешу және аграрлық инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер әңгіме болды.

Кикілжің алдында Исатай ауданы Нарын ауылынан келген фермер Зейнолла Елешов сөз сөйледі. Ол аудандағы үш ауылға ортақ су мәселесін көтерді.

«Нарын, Жанбай, Зинеден (Забурын ауылдық округі) ауылдарының шаруалары бірнеше жылдан бері су тапшылығы зардабын көріп келеді. Каспий теңізі мен Жайық өзенінің тартылғаны қиын болды. Қар мен жаңбыр аз түсіп, ауыл ішіндегі каналға су жеткілікті деңгейде жетпей отыр. Былтыр жазда құрғақшылық болып, қиындық туғызды. Мәселенің алдын алу үшін көршілес Ресейдің Астрахан қаласынан Еділ (Волга) өзенінен құйылып жатқан Кобяково-Забурын каналы қазылып, Құрманғазы ауданынан Зинеден ауылына келіп тұр. Сол каналды Манаш каналына қосу керек, бұл су тапшылығын болдырмайды», - деді Елешов.

Одан бөлек, ол Қызыл үй каналына үш күнде бір айдайтын су лимитін көбейтуді сұрады. Себебі, мал үш күн су ішпей тұра алмайды. Бұдан соң, фермерлер инфрақұрылым мәселесін сөз етті. 

«Нарын су жүйесі бойындағы шаруагерлерді тұрақты су, газ, электр тогымен қамтамасыз етсеңіздер. Мәселен, Жанбай ауылында бес-алты шаруа қожалығы бар, бірақ электр қуаты жоқ. Олар Нарын ауылына жақын отыр. Соны біздің ауылдан жалғап қосып берсе», - дейді Елешов.

Келесі сөз сөйлеген фермер Атырау қаласы маңындағы Дамбы ауылынан келіпті. Оның айтуынша, ауыл қазір жайылымдық, шабындық жерлерге зәру. Ол ауылдағы бүкіл фермерлер атынан 2009 жылы құрылған «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан мал жаюға рұқсат беруді сұрайды.

«Дамбы ауылында 1954 жылдан бастап Жамбыл, Құрманғазы, Амангелді колхоздары құрылып, сонда теңіз алқабынан егін салатын, мал жаятын шабындық жерлер болды. Әрқайсысында 11 мың га жерден бар еді. Әр колхозда 700 ірі қара мал болды. Жалпы, жергілікті халықтың 80 пайызы мал ұстады. 90-жылдары Каспий теңізі тасып, Жайық өзені арнасынан асып, елді су басты. Каспий суы ауыл іргесіне келді. Колхоздың 90 пайыз егін алқаптары су астында қалды. Егін шаруасын дамытуға мүмкіндік болған жоқ. 2009 жылы теңіз суы ауыл іргесінен кеткен жоқ, сол жылы «Ақжайық» резерваты құрылды. Бұл резерваттың құрылуына жергілікті жұрт наразы болды, бірақ ол ескерусіз қалды», - дейді ол.

Айтуынша, 2016 жылдан бастап теңіз суы тартылып, бұрынғы жайылымдық жерлер қалпына келе бастаған. Ауыл тұрғындары қайтадан мал ұстады. Мал басы жылдан-жылға арта түсті. 2016 жыл мен 2021 жыл аралығында 1102 ірі қара, 554 ұсақ мал, 353 жылқы, 31 түйеге жетті.

«Алайда, 2009 жылдан бастап жайылымдық жерлер «Ақжайық» резерватына өтіп кетті. Бізде қазір мал жаятын жер жоқ, бұрынғы су басқан жер солайымен қалды, мал ауыл іргесінде жайылады. Біз резерваттан жайылымдық жерлерімізді шығарып беруін сұраймыз», - деді көпшіліктің тілегін жеткізген фермер.

Бұған дейін оларға 2020 жылы резерват қызметкерлері заңсыз мал жайғаны үшін айыппұл салмақ болып, мәселе облыс көлемінде дауға айналған. Алайда, сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та, Nur Otan партиясының басқа да өкілдері мәселені шешеміз деп уәде бергенімен, нәтиже болмады.

Фермердің айтуынша, қазір ауылдағы әр үйде үш-төрт, әрі кетсе 15 ірі қарадан мал ұстап, өз күндерін өздері көріп отырғандар бар. 

Оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәселені қарастыратынын айтты.

Ал «Шопан-ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев бұл мәселе Түркістан, Маңғыстау облыстарына да ортақ екенін айта келе, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұтқа байланысты малшыларға табиғи қорықтарда мал жаюға рұқсат бергенін жеткізді.

Осы мәселе бойынша біз үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа хат жолдадық. Жұмысшы тобы құрылып, құжатпен рәсімдейік. Талабыңызды жазбаша ұсыныңыздар, мен Ақордаға жеткіземін, - деді Садырбаев.

Бұдан соң қала іргесіндегі Қайыршақты ауылдық округіндегі 22 қожалықтың атынан келген фермер электр қуаты мәселесін шешіп беруді сұрады. Облыс әкімі қарамағындағыларға тапсырма берген кезде залдан «Мақат ауданында бұл мәселе үш айдан бері шешілмей келеді, сонда бұл қалай, алалаушылық па?» деп, наразылығын білдірді. Оған да бір аптада мәселені қарастылып, жауабын беретінін айтқан облыс әкімінен соң Садырбаев та осыны қайталады. Сонда облыс басшысы «Сөзімді қайталаудың қажеті жоқ шығар мына жерде» деп ескерту жасады. 

Мұны «аузыма қақпақ болып отыр» деп қабылдаған Алмасбек Садырбаев әкімге ашына жауап қатты:

«Әкім мырза, ешкім сіздің бетіңізден алып жатқан жоқ. Фермер үш ай бойы жасаймын деп жасамағыныңызды айтып отыр. Мәдениетті түрде айтып жатыр. Сіз төрде отырып алып, менің я елдің мысын басамын деп ойламаңыз. Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға келіп отырмын. Өйткені бұл өңірде меңіреу, саңыраулар қаптап кеткен. Сондықтан, халықтың алдына шығыңдар, жауап беріңдер, бірақ ешкім «аузына қақпақ бол» деген жоқ. Әрі қарай сөз таластыру болып кетпесін, эмоцияны басайық, шаруалардың бір мәселесін шешіп берсеңіз болды, мақсатыңыз сол болуы керек», - деді Садырбаев.

Бұдан соң, Махамбет ауданынан келген фермердің мәселесі тыңдалды. Асқар Тасқалиев бес жыл бұрын қожалық жұмысын жүргіземін деп жер алғанымен, әлі жұмысын бастай алмай отырғанын жеткізді.

«Мен жер алған соң арада бес жыл өткенде ғана бір компаниялар келе бастады. Енді солардан электр тогын тартып беру мәселесін қарастырсаңыз екен. Сосын егін суаруға кеткен шығынның өтемін бұрынғыдай қалдырса жақсы болар еді. Яғни, 80 пайыз мемлекеттен субсидияланып, 20 пайызын өзіміз төлейтіндей. Биыл су тарифі дифференциалды (тәуліктің әр мезгілінде әр түрлі баға) болады деп жатыр, қиын болады-ау бізге. Солярканың да литрін 300 теңге емес, 100 теңге қылса. Жұмыс бастап кетсек, жұмыссыздық мәселесін жоюға аз-кем атсалысып, екі-үш ауыл тұрғынын болса да жұмысқа тартамыз ғой», - деді фермер.   

Серіктес жаңалықтары

Сараптама