Тексеру барысында 53 киіктің өлі денесі тәркіленді
Қызылорда облысында киік атқан жергілікті тұрғындар ұсталды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 18 қазан күні Қызылорда облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында жойылып кету қаупі төніп тұрған киік жануарын заңсыз аулап, оның мүйізі мен етін тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысып, қылмыстық жолмен қаражат тапқан облыстың үш тұрғыны ұсталған.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында 53 киіктің өлі денесі, 12 мүйіз, ІІО-да тіркеуде жоқ 12 калибрлі аңшы мылтығы, пышақтар және жол талғамайтын екі автокөлік айғақ зат ретінде тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен («Алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен, аса ірі залал келтіре отырып сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған киік жануарын, олардың бөліктерімен және дериваттарымен заңсыз иемдену, тасымалдау, өткізу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Бүгінде үш күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.