Halyq Uni логотип
×

Екібастұз тұрғыны 38 жастағы әйелді қинап өлтірген

Жедел-тергеу тобы үйдің кіреберісінде кілемге орап тастаған әйелдің мәйітін тапты

 Динара Амантай 19.10.2022 | 11:49
Екібастұз тұрғыны 38 жастағы әйелді қинап өлтірген
Фото: polisia.kz

Павлодар облысында 36 жастағы ер адам әйелді өлтіріп, оның денесін кілемге орап тастап кеткен деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 17 қазан күні сағат 16.44-те Екібастұз қаласының полициясына «М.Жүсіп көшесі, 68 үйдің жанында кілемнен адамның аяғы көрінеді» деген хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы үйдің кіреберісінде кілемге орап тастаған әйелдің мәйітін тапты. Кілемнің жоғары және төменгі жақтарын сыммен байлап тастаған.

Әйелдің жансыз денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар екені анықталды. Полиция әйелдің жеке басын анықтады. Ол Екібастұз қаласының 38 жастағы тұрғыны болып шықты, - деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.

Кісі өлтірді деген күдік бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Екібастұз қаласының тұрғыны, 1986 жылы туған ер адам ұсталды. Ол кінәсін мойындады. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама