Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін жыл соңына дейін жасалған келісімді бұзғандар қатаң жазаланады
Астанада Орталық базар маңындағы көмір түсірілетін теміржол тұйықтарында отын түнде көліктерге тиеліп, белгісіз жақтарға жөнелтіліп жатыр.
Тұрғындардың айтуларынша, олар көмір алу үшін кезегін сағаттап күтеді екен. Кейде бәріне бірдей жетпей де қалатын көрінеді. Өйткені әлдебіреулерге қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, түнде көмір тасуға жол берілген.
Таңертең келсек, жоқ. Алып кетеді. Кім алып кететінін білмейсің. Сосын сапа жоқ көмірде. Дәл халыққа, пешке жағатын көмір емес мынау. Соның өзін уақытында ала алмай отырмыз, - деді көмір тасымалдаушы Көкенай Таңатқан тілшілерге айтқан шағымында.
Оның айтуынша, құм, тас араласқан көмірді кейде кері қайтаратын кездері де болған. Сондай-ақ таразыдан да ұтылады екен. Алайда көмір басындағы кәсіпкер алыпсатарлардың уәжімен келіспейді.
Ешкім көмірді бермейміз деп отырған жоқ. Қазір Майкүбі көмірінің қалдығын алып тастап, сосын вагоннан Шұбаркөл сортын төгеді. Мархабат, алсын! Кім қарсы? Біз көмірді үйге алып кетпейміз. Ал негізі түнде көмірді арттырмаймыз. Бірақ мемлекеттік мекемеден алып кеткені рас, - дейді ЖШС директоры Анзор Хожомия.
Астана қаласының әкімдігі биыл көмір тапшылығы жоқ деп отыр. Жалпы сұраныс 464 мың тонна болса, қазір оның 189 мың тоннасы таратылған. Қала аумағындағы 11 тұйықта отынның 1 тоннасы: Майкүбі – 12 700, Қаражыра – 14 500, ең жоғары сұраныстағы Шұбаркөл сорты 13 700 теңгеден саудаланып жатыр. Осы бағаны тұрақты ұстап тұру үшін жыл соңына дейін келісім жасалыпты. Оны бұзғандар қатаң жазаланады.
Қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің бас маманы Абылайхан Оспановтың айтуынша, тұрғындарды көмірмен қамту жыл соңына дейін жалғасады. Сондықтан байбалам салуға негіз жоқ.