Қостанайда 43 млн теңге қарызы бар борышкер сот орындаушыны көлігімен қаққан

Еркеғали Болатұлы

Сот отырысы қазан айының 28-іне белгіленіп отыр

фото: ашық дереккөз

Қостанай тұрғыны жеке сот орындаушыны көлікпен қағып кетті. Қарызы қалың азамат көлігін тәркілеуге қарсылық білдірсе керек. Полиция әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жөнелтті. Алайда жәбірленуші борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Борышкер Рахат Мақашевтың жеке сот орындаушы Владислава Петраштың айтқанын орындамай, көлігімен кері шегінгені жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Ол мені 20 минут бойы көндіруге тырысты. 102-ге қоңырау шалып, полиция күтіп тұрдым. Кенет көлігіне отырды да кері шегіне бастады. Мені тыңдаған да жоқ. Көліктің артында тұрғанымды айнасынан көрді. Соған қарамастан әуелі баяу қозғалып, одан кейін жылдамдықты үдете түсті, - дейді жеке сот орындаушы.

Жеңіл жарақат алған ол жеңіл көлік астында қалып қоймағанына шүкір дейді. Ал 43 миллион теңге қарызы бар қала тұрғынының оған қарыс өз уәжі бар.

Қағазы жоқ оның қолында. Мен заң бойынша айтып отырмын. Біріншіден, көлік әйелімнің атында. Ол әйелімді шақыруы керек. Сосын машинаны сатып, жарты ақшасын әйелге, жарты ақшасын маған беруі керек. Заң бойынша солай, - дейді Рахат Мақашев.

Облыстық соттың баспасөз қызметі борышкердің ісі сотқа түскенін хабарлады. Енді ол қос бап бойынша жауапқа тартылмақ.

Қала тұрғынына қатысты екі әкімшілік іс түсті. Әкімшілік кодекстің 610- бабы 2-бөлігі және 611-баптың 2-бөлігі бойынша. Сот отырысы қазан айының 28-іне белгіленіп отыр, - деді облыстық сот баспасөз қызметінің бөлім басшысы Зәуре Едікова.

Владислава Петраш бұған дейін де борышкер тарапынан балағат сөз естігенін айтады. Сол жолы Рахат Мақашев учаскелік полицейден ескерту алған. Енді сот орындаушы істі соңына дейін жеткізбек.