×

Петропавлда жойқын жарылыс болған жатақхана тұрғындары әлі үреймен өмір сүріп жатыр

Үш адамның өмірін жалмаған жарылыстан кейін жатақханада тағы өрт шықты

 Самат Жақып 22.02.2022 | 16:40
фото: Halyq Uni

Осыдан тура бір жыл бұрын Петропавл қаласындағы Интернационал көшесінде бес қабаттан тұратын – жатақханаға жапсарласа орналасқан дәмханада газ баллоны жарылып, үш адам мерт болды. Жиырмаға жуық тұрғын түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Оқиға орнына жеткен төтенше жағдай қызметінің мамандары бірнеше газ баллонын сыртқа шығарып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Газ баллондары тек кафеде ғана емес, басқа бөлмелерде де қолданылған. Себебі аталған нысан орталық газдандыру жүйесіне қосылмаған.

Қауіпсіз жерге көшірілген 120 адамның жартысына жуығы туған-туыстарын, қалғаны жергілікті университеттің жатаханасын паналады. Тұрғындар бірнеше ай бойы баспанасына орала алмады. Өйткені қатты дүмпудің салдарынан тұрғын үйдің бірінші қабаты опырылып түскен. Бірден техникалық сараптама тағайындалып, қайта қалпына келтіру жұмыстары мамыр айына дейін жалғасты.

«ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ САПАСЫЗ АТҚАРЫЛДЫ»

Арада бір жыл өткенде аталған жатақханадан тағы да өрт шықты. Ақпан айының басында, Кирилл Кокухин ұйқыда жатқан кезде бөлмесі кенеттен отқа оранады. Есін жиып үлгерген жігіт тағы да жарылыс деп ойлап, іш киімімен екінші қабаттағы терезеден сыртқа секіріп кеткен.

Кирилдің бөлмесі сол өрттен кейін қайта жөнделмеген. Ол атасы екеуі тағы да туыстарын паналауға мәжбүр.

«Тоңазытқыштан басқаның бәрі сөндірулі болды. Өрт электр сымдарынан шықты деп ойлаймын. Өйткені, былтыр мердігер компания жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізді деп күмәнданамын. Олар үйдің бүкіл сымын жаңалады. Бірақ оны ешкім тексеріп қабылдап алмаған сияқты. Өрттің салдарынан жалпы құны 1,5 миллион теңге тұратын тұрмыстық техникаларым жанып кетті. Әзірге баспанамды да жөндей алмай отырмын. Қазір мұнда ештеңеге тиісуге болмайды. Оның үстіне ақшам да жоқ», - дейді Кирилл Кокухин.

Кириллдің көршісі Эля Абдрахманова да бұл үйде үреймен өмір сүріп жатыр. Ол апат тағы да қайталана ма деп уайымдайды. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін арнайы мамандарды шақыртып, бөлмесіндегі электр сымдарын түгел тексерткен. Бірақ нәтижесіне көңілі толмай отыр.

«Былтырғы жөндеу жұмыстары аяқталған соң осы жатақханадан бөлме сатып алған едім. Содан бері осында тұрып жатырмын. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, жақында болған апаттан кейін кейін мамандар шақырттым. Олар электр сымдарын тексеріп, қауіпті екенін айтты. Өйткені ең арзанын сатып алған. Біз бұған күнде электр плитасын, шәйнек қосып жүрміз. Сымдар қызады. Ал газ баллонын қолдануға болмайды. Одан қалды, жақында аяз салдарынан бірнеше бөлмеде су қатып қалды. Кәріз жүйесі де дұрыс жасалмаған. Жалпы, біздің жатақханаға тексеріс қажет. Мердігерлер бөлінген ақшаны үнемдеп қалған сияқты», - дейді Эля Абдрахманова.

Жатақхадан шыққан соңғы өртке қатысты сараптама жасалып, қорытындысы да шықты. Өрт электр сымдарынан шыққан.

Тексеріс жүргіздік. Өрт электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болды деген болжам жасап отырмыз. Зертханасындағылар мұны растады, - деді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Владимир Хутинаев.

Ал, қалалық тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы бөліміндегі мамандар зардап шеккендерге көмек көрсетуге асығар емес. Егер мердігердің кінәсі толығымен дәлелденсе, қалпына келтіру жұмыстарымен кәсіпкерлер айналысады. Тұрғындардың жергілікті биліктен көмек күтіп жүргеніне үш апатадан астам уақыт болған.  

«Өрт бойынша бізге ресми сараптама құжаттары әлі келген жоқ. Ол қолымызға тиген жағдайда - мердігердің кінәсі расталса, бар шығынды кәсіпкер өтейді. Олай болмаған жағдайда сотқа арыз түсіреміз. Жалпы, былтыр қайта қалпына келтіру жұмыстарымен үш компания айналысты», - деп қысқа қайырды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Бес қабаттан тұратын жатақхана 1971 жылы пайдалануға берілген. Қазір мұнда шамамен 100-ден астам бөлме бар. Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар былтыр жойқын жарылыстан кейін бұл үйді қалпына келтіруге нақты қанша қаражат бөлінгенін айтпады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама