Тұрмыстық зорлық-зомбылық: биыл отбасының шырқын бұзған 10 мыңнан астам адам қамауға алынды

Дәурен Ерболат

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі қай өңірлерде жиі тіркелетіні айтылды

көрнекі фото: sputnik.kz

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі қай өңірлерде жиі тіркелетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде жәбірленушілер мен жұмыс тәсілі қайта қаралғанын айтты.

«Отбасы тыныштығы – қоғамның тұрақтылығы. Сондықтан бұл мәселені мемлекет басшысы ерекше назарына алып, бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар үшін жаза қатаңдатылды. Полицияның осы мәселемен айналысатын бөлімшелері нығайтылды. Жәбірленушілер мен жұмысы тәсілі қайта қаралды. Нәтижесінде бұл мәселеге қоғамның көзқарасы өзгерді. Зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілер туралы белсенді хабарлай бастады», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысында.

Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан аса сигнал келіп түскен.

«Олардың көпшілігі Астана, Шымкент, Алматы қалалары, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында тіркелді. Бірақ олардың 60%-ы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмады. Өйткені, оқиға орнына келгенде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартты – 62%. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтінішсіз полицейлер отбасының шырқын бұзатындарды жауапқа тарта алмайды. Нәтижесінде, бұл оның жазадан құтылуына жол береді, қол жұмсау әдетке айналады. Түбінде оның ауыр зардабы болады», - деді министр.

2022 жылы отбасында 668 қылмыс жасалған.

«Министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сигналдарға тиісті шаралар қабылдап жатыр. Жыл басынан бері отбасын шырқын бұзатындарға қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңна аса адам қамауға алынды, 8,5 мың адамға ескерту берілді, 665 адамға айыппұл салынды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 67 мың қорғау нұсқамасы шығарылды», - деді ведомство басшысы.