×

Қарағандыда асыл тастарды өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 17.10.2022 | 17:08
Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында асыл тастарды өндірумен және өткізумен айналысқан күдіктілер ұсталды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде Қарағанды облысы бойынша ҰҚКД-мен және «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп, Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері асыл тастарды өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Күдікті ретінде Қарағанды қаласының және Павлодар облысының төрт тұрғыны асыл тастарды (аметист, мүкті ақық, зауза ақық, көгілдір ақық, варецит) заңсыз сатып алып, мәміле жасау кезінде Қарағандыдағы кеңседе ұсталды. Күдіктілер асыл тастардың бір келісін 500 АҚШ долларына бағалаған.

Тастардың заңсыз жолмен Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында далалық жерде өндірілгені анықталды. Қылмыстық кодекстің 334-бабының 3-бөлігі бойынша (Қылмыстық топ жасаған «жер қойнауын өз бетінше пайдалану») тіркелді, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Кеңседе және ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде жарты тоннадан астам (550 кг) асыл тастар, 27 мың АҚШ доллары, 3,5 млн астам ресей рублі, 600 мың теңге, сонай-ақ тастарды өңдеуге арналған жабдық және атыс қаруының оқ-дәрілері алынды.

Полицейлер Қарағанды қаласынан 130 км қашықтықта далада иесіз карьерді анықтады, оның аумағында Қарағанды қаласының бұрын ұсталған тұрғындарының үш көмекшісі ұсталды және тағы 38 кг түрлі асыл тастар алынды.

Қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама