Абылай Донбай Қазақстанда алғашқылардың бірі болып бауыр трансплантациясын жасаған дәрігер
Шымкент қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай бірнеше айдан бері Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан негізсіз қудалауға көріп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы белгілі трансплантолог әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Абылай Донбай Қазақстанда алғашқылардың бірі болып бауыр трансплантациясын жасаған дәрігерлердің бірі. 2019 жылы әріптесі Ғани Құттымұратов екеуін заңсыз орган сату бойынша айыпталып, сотталған болатын. Алайда Жоғары сот трансплантологтардың дәлелсіз айыпталғанын негізге алып, дәрігерлер толық ақталып шықты.
Осыдан екі ай бұрын Абылай Донбай Шымкенттің жергілікті блогері әлеуметтік желілерде өзі туралы жағымсыз ақпарат таратып жүргенін жазған. Күні кеше трансплантолог екі айдан бері қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтің тарапынан қудалауға ұшырағанын жазып, президенттен араша сұрап, бейнеүндеу жариялады. Үндеуде дәрігер өзінің Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қудалауға ұшырағанын айтып президенттен көмек сұрайды. Осыған орай, дәрігердің өзімен сөйлесіп, мәселенің анық-қанығын сұрадық.
– Абылай, сіз айтып отырған қудалау қашан және неден басталды?
– Қаланың Денсаулық сақтау басқармасына жаңадан келген басшы Нұрлыбек Асылбеков келген соң басталды. «Донбай Абылайдың үстінен жазыңдар» деп біздің 3-4 қызметкерімізді тауып алған. Жұматай Байғұтов деген блогерді жалдады. Ол адам психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған адам екен, оны әдейі тапты деп ойлаймын. Сонымен қатар, egovpress деген анонимді каналда мен туралы 15 жазба жарияланып, онда менің жұмысыма, жеке басыма тіпті отбасыма дейін тиіскен. Әр жазба шыққан сайын құзырлы органдар келіп тексереді. Ештеңе таппай кетеді.
Жақында басқарма басшысы шақырып алып, «Мен саған алдымен сөгіс берем, артынша қатаң сөгіс беріп жұмыстан босатам. Маған әкім Әйтенов тапсырма берді» деді. Шымкенттің әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мені тікелей танитын еді, жұмыстан алғысы келсе шақырып алып «Абылай, сен берген тапсырманы орындамадың, орнынды босат» деп айтар еді. Соңғы сөйлескенде Пезидент әкімшілігінен тапсырма берді деді. Әңгімесінің барлығы осы сарында.
– Сіздің үстіңізден арыз жазған 3-4 адам жұмысында жүр ме?
– Иә, ол адамдар жұмыстарын істеп жүр. Мен жала жабу фактісі бойынша олардың үстерінен арыз жазып, сөздеріне сараптама жасатып, сотқа бердім.
– Демек, сіз қол астыңызда істейтін, үстінңізден арыз жазған адамдарды сотқа бердіңіз…
– Иә. Сараптама екі ай жүргізілді. Нәтижесін күттік. Одан бөлек мен ота жасаған науқастардың туыстарына «Абылай Донбайға ақша бердік деп үстінен арыз жазыңдар» деп 7 млн теңге ұсынған әңгімелерінің жазбасы бар. Ол жазба менде де бар. 7 млн теңге беретіндердің артында біреу тұр.
– Сізді не себепті қудалап жүр деп ойлайсыз?
– Министр Ажар Ғинаят келгенде де осы сұрақты қойдым. Біртановтың соты, бізді қудалап жатқаны, Алматыдағы №4 аурухананың дәрігерін жапқаны кімге керек? Халық дәрігерге сенбейтін болады. Дәрігерерді қорғаштаудың орнына қудалап, соттату кімге керек? Менің ойымша, бұл мемлекетке тиімсіз. Менің орныма бір жемқорды әкеліп қоймақшы ғой. Мақсаттары сол. Өйткені мен ыңғайсыз адаммын. Себебі көп жерде ақиқатын айтам, маман болғаннан кейін медицинаны жақсы түсінемін, салаға жаным ашиды, шынайы баға бере аламын. Аз уақыт ішінде аурухананың ішінде өте көп өзгеріс болды. Барлық жерге бейнебақылау камерасын қойдық. Құны 1 млрд теңге тұратын ангиографиялық аппарат сатып алдық. Астана қаласынан 4-5 мықты маман алып келдім. Осында бұрыннан жеп үйрегіп қалған дәрігерлер үшін мен ыңғайсыз басшымын. Есесіне халыққа ыңғайлы маманмын, оларға көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге барымды салып келем. Ешқашан жемқордың жағдайын жасамаймын.
– Шымкенттің әкімін жеке танимын деп отырсыз. Осы мәселені әкімнің деңгейінде шешуге тырыстыңыз ба? Немесе министрлікке шағым айттыңыз ба?
– Айттым. Ішкі саясат басқармасына брифинг өткізуге тапсырма берді. Мені қолдамаса ол брифинг жасалмайтын еді. Әкімді танимын, ол тіке адам, шақырып алып айтатын еді. Сөзін біреу арқылы айтатын кісі емес. БАҚ өкілдерін шақырып баспасөз мәслихатын өткізіп, ауруханада болып жатқан 11 мәселены көтердім. Содан кейін анонимді каналдардағы жазбалар да біраз тынышталды. Ұжымжық үндеуден кейін басылған сияқты еді. Асылбековпен сөйлескеннен кейін оның бәрін басқарма басшысының істеп жатқанын түсіндім.
– Сіз қазір президенттен көмек сұрап отырсыз. Бұдан нәтиже шықпаса әрі өзіңіз айтып отырған қудалау жалғаса берсе не істейсіз?
– Мен қазір тығырыққа тірелдім. Басқа амалым қалмаған соң, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына үндеу жариялап, араша сұрап отырмын. Бұл қудалау қашан тоқтатылады? Егер Қазақстанға білікті мамандар керек болмаса, болашақта отандық медицинаның жағдайы қалай болатынын білмеймін. Бүйте берсек Жаңа Қазақстанды кіммен және қалай құрамыз? Медицинадан хабары жоқ, екі сөздің басын қоса алмайтын адаммен бе?
Ауруханада 1200 адам жұмыс істейді, үлкен ұжым. Қандай білікті мамандар келді. Қаншама уақыт үнсіз шыдап келдім. Бірақ осылай айтудан басқа амалым қалмады. Менің оқыған жерім, алған тәрбием, оқыған хирургиялық мектебім мен мені оқытқан ұстаздарым мені кәсібилікке тәрбиеледі, жұмысты адал істеуге үйретті. Жемқорлықты үйреткен жоқ. Білікті емес адамдардан осындай қысым көріп жатырмын. 32 жасымда Астана қаласында алғашқы бауыр трансплантациясын жасадым. Кәсіби шыңдалдым, Оңтүстік Кореяда білімімді жетілдіріп, елге келдім. Сондағы көргенім осы ма? Шетелге кетіп қалсам да болатын еді, әлі де кеш емес. Қоғам жыл сайын мыңдаған дәрігер шетелге кетіп жатыр деп сынайды. Мынадай бассыздық, қудалау болып жатқанда кетпегенде қайтеді?
ЕКІНШІ ТАРАПТЫҢ ЖАУАБЫ
Ал екінші тарап, Шымкент қаласының Денсаулық басқармасы, №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері А.Донбайдың әлеуметтік желідегі видео жазбасындағы мәліметтер шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.
«Денсаулық сақтау басқармасы және басқарма басшысы тарапынан бас дәрігер А.Донбайға қатысты қысым көрсетілмеген. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына 2022 жылғы 8 айында №1 қалалық клиникалық ауруханасына ресми түрде 15 арыз шағым түскен, бұқаралық ақпарат құралдарына 17 жағымсыз ақпарат жарияланған», – дейді басқарма.
Басқарманың мәліметінше, telegram әлеуметтік желісіндегі «EGOV.PRESS» парақшасында 6 қыркүйектегі «Жемқорлыққа жол жоқ» мақаласында жарық көрген №1 қалалық клиникалық ауруханасының медициналық қызметкерлерінің бас дәрігер А.Донбайдың заңсыз іс әрекетіне қатысты бейнетаспадағы жазба негізінде Шымкент қаласы прокуратурасының хатына сәйкес, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жұмыс тобы құрылып, бейінді мамандардың қатысуымен 2022 жылғы 13-23 қыркүйек аралығында №1 қалалық клиникалық ауруханасында тексеру жүргізілді.
Сонымен қатар, А.Донбайдың заңсыз әрекеттеріне аурухананың 6 қызметкері ресми шағымданған және Басқарма басшысының жеке қабылдауында аурухананың 2 қызметкері осы сұрақтар бойынша келіп шағымданғаны айтылған.
Денсаулық басқармасы бас дәрігер А. Донбайдың заңсыз іс-әрекеттері бойынша ауруханадағы медициналық қызметкерлерден түскен шағымдар денсаулық сақтау басқармасы, Шымкент қаласының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті, Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан жүргізілген тексерулер заңды өткізілгенін мәлімдейді.
«Сонымен қатар, ауруханадағы тексеру қорытындысымен бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда медициналық көмектің сапасының төмендігі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шекті бағадан жоғары бағамен сатып алу, дәрілік заттар медициналық бұйымдар сақталатын бөлмелерінде тиісті температуралық және ылғалдылық режимдері қамтамасыз етілмеу және кейбір медициналық қызметтер бойынша лицензияға қосымша алынбау т.б фактілері орын алған. Қазіргі уақытта ауруханада тиісті уәкілетті органдар тарапынан тексерулер жалғасуда. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тиісті шаралар қабылдайды», – дейді қалалық басқарма.