Ультиматум: Химпоселок тұрғындары не көшіруді, не жағдай жасауды талап етті

Айнұр Асылбекқызы

Атырау іргесіндегі тұрғындар газ иісінен зардап шегіп отырғанын айтты

фото: Halyq Uni

Атырауда мұнай өңдеу зауыты маңында тұрып жатқан жұрт бірнеше жылдан бері өздерін көшіруді талап етіп келеді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Әңгіме қала ішіндегі теміржол желісінің бір жағында бөлектеніп қалған Химпоселок елдімекенінің тұрғындары жайлы. Жақында олар жергілікті билікке тағы да талап қойды. Бұл жолы жиын елдімекендегі мектептің мәжіліс залында өтіп, оған қалалық мәслихат депутаттары да келді. 

Тұрғындар егер көшіру мүмкін болмаса, онда жағдай жасауын сұрайды. Бұл маңда мұнай өңдеу зауытынан бөлек, Атырау жылу электр орталығы жақын орналасқан. Оған жақын жерде орналасқан тұрғындарға орталықтан тарайтын жағымсыз иіс пен гүрілдеген дыбыс тыныштық бермейді екен. Одан бөлек, мұнда ел арасында «Сасықсай» (Тухлая балка) аталып кеткен алқап та жатыр. Оған құятын судың 70 пайызы қаладан, 30 пайызы Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді.

Химпоселок елдімекенінде 900-ден аса тұрғын тұрады. Олар қала іргесіндегі басқа ауылдар секілді жағдай жасап беруін немесе түгелдей өтемақы беріп, көшіруін сұрайды.

Ауылда балабақша мүлдем жоқ. Тұрғындар ыңғайына қарай балаларын әр ықшамаудандағы мектепке дейінгі мекемелерге тасымалдайды. 100-ден астам бала ауылға жақын орналасқан қала орталығындағы тоғыз түрлі балабақшада тәрбиеленіп жатыр. Қазір тағы 600-ге жуық бала кезегін күтіп жүр.

Одан бөлек, тұрғындар елдімекенде мәдениет клубы, спорт кешені, демалыс саябағы жоқ екенін жеткізді.

Жиын өткізейік десек клуб жоқ, жастар жиналып футбол ойнағысы келеді, арнайы алаң жоқ. Бәрін елдімекендегі №7 мектепте өткіземіз. Жастарға арналған саябақ немесе спорт кешені де жоқ, - дейді тұрғындар.

Химпоселок тұрғындарының тағы бір басты мәселесі - экология. Елдімекен ішінде көптеген өндірістік базалар мен газ қазандықтары орналасқан.

«Менің үйім Атырау «Жылу электр орталығының» санитарлық аумағына жақын орналасқан. Газдың иісінен жазда терезе аша алмаймыз, одан бөлек гүрілдеген дыбысынан түнде ұйықтау мүмкін емес. Бірнеше жылдан бері осы ауаны жұтып, осы жерде тұрып жатырмын. Сондықтан бізге өтемақы беріп көшіретін уақыт жеткен шығар. Оған қаржы болмаса АЖЭО мен зауыттың іргесін бізден әрірек салсын», - дейді Химоселок тұрғыны Артур Беккалиев.

«Атырау Жылу электр орталығы» АҚ президенті Мақсот Аленов мекеменің тең жартысын құрайтын жұмысшылар Химпоселок тұрғындары екенін айтып, ЖЭО шектен тыс қалдық шығару бойынша ешқашан заң бұзбағанын жеткізді.

«Мекеме будан бөлек жағылған газ қалдықтарын шығаратыны рас. Бізге ол үшін үкімет тарапынан берілген квота бар. Сол лимиттен асып көрген емеспіз. Сондай-ақ мекеменің санитарлық қорғау аймағы 500 метр болып есептеледі. Бұл аумаққа ешқандай нысан кіріп тұрған жоқ. Сондықтан халыққа бізден зиян келіп жатыр дегенге келіспеймін», - деді ол.

Алайда, тұрғындар санитарлық аумақты белгілеу мекеменің аумағынан емес, газ шығатын тұрбадан бастап есептелетініне қарсы. Олар ЖЭО басшысынан ауылдың орталық көшесіне ауа сапасын көрсетіп тұратын табло орнатуды талап етті.

Жиында сөз алған Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов,  Химпоселокті жайлаған сасық иістің көзі «Сасықсайдан» екенін атап өтті.

«2024 жылға дейінгі жоспарланған бағдарлама аясында «Сасықсай» көліне толық рекультивация жүреді. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. 2023 жылы Сасықсайдың орны толық тегістелетін болады», - деді департамент басшысы.

15 жылдан бері Химпоселок ауылында тұратын Марал Көшенов қала мен елдімекеннің арасын теміржол бөліп тұрғаны үшін қиындық көріп келетінін айтады. Жедел жәрдем кешігіп жетеді және қалаға төтесінен шығатын жол қажет.

«Ауылға кіру үшін бір ғана жол бар - «Стройконторадан» айналып келеміз. Химпоселокке кірер тұста бағдаршам болмағандықтан бәріміз кешкісін кептелісте тұрамыз. Қаладан Химпоселок ауылына кіретін Атамбаев пен Қабдолов көшелеріне бағдаршам керек. Одан кейін ауыл ішіне жаяу жүргіншілерге жол керек», - дейді Химпоселок тұрғыны.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиевтің айтуынша, қазір қалада жаяу жүргінші жолын төсеу бойынша жобалық-сметалық құжат дайын және маңызы бар көшелерге бірінші басымдық беріледі.

«Ауыл тұрғындары үшін теміржол желісі арқылы қалаға тіке шығатын жол өткелін салу көп қаражатты қажет етеді. Тұрғындарды өтемақы беріп көшіру жөнінде де көптеген мәселелер бар. Өйткені үй бағасын тәуелсіз бағалаушы бағалағандықтан, нарықтағы үй бағасымен берілген өтемақыға көбіңіздің көңіліңіз толмайды. Сондықтан тұрғындардың өтінішін біртіндеп орындап, жағдайын жасап беру тиімді. Мәселен бағдаршам бойынша ауылдың учаскелік полиция инспекторы ұсыныс берсе, біз оған қаржы сұратып, оң шешім тапса орнатамыз, - деді Әлібек Мұханбеталиев.

Тұрғындардың өтінішін тыңдауға келген қалалық мәслихат депутаттарының айтуынша, бұл елдімекенде балабақша салу әзірге жоспарда жоқ. Десе де, қазір жастарға арналған көпфункцоналды спорт кешенін салу бойынша жоба дайын екенін, биыл құрылысы басталатынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардан талаптарын қағаз бетіне түсіруді сұрап, оларды құзырлы органдардың алдында көтеретіндерін айтты. Сол бойынша тұрғындармен алты ай сайын кездесіп, есеп беріп отыруға келісті. 

«Бірнеше жылдан келе жатқан мәселе. Біз тұрғындардың шағымын айтып келгеннен бастап шешуге тырысып жатырмыз. Өзімізге дейінгілеріңдің берген уәдесіне жауап бере алмаймыз. Тіке жол салу үшін облыстық бюджеттен жетпесе, республикадан қаржы бөлгізуге әрекеттенеміз. Осыншама жыл шыдағанда енді 1-2 жыл шыдаңыздар, - деді қалалық мәслихат хатшысы Қаршыға Джауымбаев.