Қала әкімдігіндегілер ол жерде балаларға арналған алаң салуға болмайтынын айтады
Әлеуметтік желіде Тараздағы аулалардың бірінде оқушылар футбол алаңын өздері сала бастағаны жайлы видео тарады. Алаңқайға зәру бүлдіршіндер жауаптылардан қайыр болмағанын айтып, тақыр жерге шым мен топырақ төсеп жүр.
Ауладағы балалардың жөні түзу футбол алаңына қол жеткізе алмай жүргенін олардың ата-анасы да растап отыр.
«Бұл мәселеге балаларымыздың өзі бей-жай қарай алмады. Мұны мен облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың алдына дейін барып айттым, ол қала әкімдігіне тапсырды. Бірақ үлкен әкімнің айтқанын істейтін адам көрмедім. Сол баяғы қалпында», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Рима Тимофейқызы.
Мұндағы №127, 129 және 130-шы үйлерге ортақ ойын алаңының қасында облыс әкімдігі тұр. Ал, кәсіпкерлер кеңсесі баспананың бірінші қабатында орналасқан. Тұрғында мемлекеттік маңызы бар осындай нысандардың қасында тұрса да, қараусыз қалғанын айтады.
Балаларға барлық жағдай жасалатынын айтқан. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Қаланың қақ ортасында тұрса да, жауаптылардан ешкім келіп көрген емес. Әкімдіктен күдер үздік, - дейді Рахметжан Бекжанов есімді қала тұрғыны.
Ал, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова бұл жерде балаларға арналған алаң салуға болмайтынын айтып отыр.
Ол аулада алаң салуға болмайды. Себебі, астынан жылу құбырлары өтеді, заңға сәйкес құрылысқа тыйым салынған. Алайда, сол үйлердің маңынан бос жер учаскесі іздестірілуде. Егер кондоминиум құрамындағы жер телімі табылса, алаң биыл салынады, - дейді әкімдік өкілі.
Биыл Тараз қаласында 100 ауланы абаттандыру үшін 1,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек, әкімдік жыл соңына дейін тағы 35 ауланы абаттандыру үшін қосымша қаражат сұрамақ.