Ереже бұзушылық анықталған кезде камералар патрульдік полиция инспекторына электрондық планшет арқылы бірден сигнал береді
Астана полициясы анықтап, ескерту жасаған жүргізушілердің мемлекетке бершегі 1 млрд теңгеге жуықтайды деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
ІІМ Жол қозғалысы ережелерін бұзу әрекеттерін жедел анықтау мақсатында «Сергек» камераларымен біріктірілген Qorgau арнайы мобильді қосымшасының әзірленгені мәлім. Көлік құралының жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталған кезде сол камералар патрульдік полиция инспекторына электрондық планшет арқылы бірден сигнал береді. Мұндай автокөліктер туралы ақпарат «102» операторына да беріледі. Қосымша ереже бұзушы көлігінің берілген радиуста орналасқан жерін көрсетеді.
Сондай-ақ қосымшаның негізгі функцияларының бірі – қаскүнемдер мен жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарды, сондай-ақ іздеуде жүрген көліктерді анықтау.
Жоба іске қосылған сәттен бастап шамамен 1 млрд теңге сомаға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешегі бар 7 628 жүргізушіге, оның ішінде жалған нөмірлері бар көлік құралын басқарғаны үшін 91 жүргізушіге, басқару құқығынсыз көлік құралын басқарғаны үшін 620 жүргізушіге, басқару құқығынан айырылғаны үшін 177 жүргізушіге хабарлама жіберілді.
Коммуналдық тұраққа 706 көлік орналастырылып, 920 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тәркіленді», - делінген Астана қалалық ПД ақпаратында.