Halyq Uni логотип
×

Instagram-дағы алаяқтарға сенген ақмолалық әйел 5 млн теңгесінен айырылып қалды

Әрекеттерінің заңдылығы туралы сұрақтарға алаяқтар деректемелері бар құжаттар ұсынған

 Динара Амантай 15.10.2022 | 17:22
Instagram-дағы алаяқтарға сенген ақмолалық әйел 5 млн теңгесінен айырылып қалды
Фото: Halyq Uni

Ақмолалық әйел пайда табамын деп алаяқтарға 5 миллион теңгесін жем қылды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 11 қазанда Көкшетау қаласының Полиция басқармасына Ақмола облысының тұрғынынан интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шегу туралы арыз түскен.

Арыз берушінің айтуынша, осы жылдың қыркүйегінде Instagram әлеуметтік желісінде оның назарына капиталды көбейту және дивидендтер алу мүмкіндігі туралы хабарлама ілінген. Аталған сілтеме бойынша өтіп, шағын сауалнаманы толтырған ақмолалық тұрғын бағдарламаға тіркелген, сол мезетте оның телефонына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін кеңесші ретінде таныстырған. Күні бойы алаяқтар әйелді барлық нұсқауларды орындау және ақша аудару қажет деп сендірген. Әйелде бұл алаяқтар болуы мүмкін деген күдік бірнеше рет пайда болған. Осы бағдарламаның заңдылығы туралы сұрақтарға алаяқтар деректемелері бар құжаттар ұсынған. Талап етілген соманы аудару үшін жәбірленуші депозиттегі жинақтарын пайдаланған, достарынан қарыз алған, сондай-ақ банкте несие рәсімдеген.

Алаяқтарға аударылған жалпы сома – 5 миллион теңгеден астам.

Аталмыш деректі полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеді.

Алғашқы тергеу әрекеттері аясында хат-хабарлар, қоңыраулар түскен телефон нөмірлері тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр

Серіктес жаңалықтары

Сараптама