Алматының криминалдық полиция қызметкерлері өткен түнде ЛА-155/18 мекемесінен қашып кеткен қылмыскерді ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қылмыскер қаладағы қаладағы көшенің бірінен ұсталған.
Криминалдық полиция басқармасы мен Түріксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарасу ықшам ауданындағы Солтүстік айналма көшесі бойында қашқын ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қашу дерегі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 426-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Айта кетейік, ол биыл қыркүйек айында Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен адам өлтіру дерегі бойынша 10 жылға сотталған.
Қазір қашу дерегі бойынша ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлерге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда кісі өлімі бойынша сотталған ер адам тергеу изоляторынан қашып кеткені туралы хабарлаған едік.