Ақмола облысында алабай мектеп оқушысына шабуыл жасады

Динара Амантай

Екі сағат бойы ызаланған ит полиция қызметкерлерін өзіне жақындатпады

Фото: Halyq Uni

Ақмола полицейлері Целиноград ауданында мектеп оқушысына шабуыл жасаған «Алабай» тұқымының қаңғыбас итін ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше, 14 қазан күні баланың анасы Целиноград АПБ-нің учаскелік инспекторынан көмек сұраған. Ит әйелдің үйінің ауласында болған.

Әйелдің айтуынша, баласы мектептен қайтып келе жатқан кезде ит оған шабуыл жасаған. Ұлының айқайын естіген тұрғын дереу көмекке жүгіріп, полицейлерді шақырған.

Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары Нұрболат Мұқамедия мен Замирбек Сейтанов алабайды залалсыздандыру үшін түрлі әдістер мен қауіпсіз құралдарды қолдануға тырысты. Екі сағат бойы ызаланған ит полиция қызметкерлерін өзіне жақындатпады.

Қару-жарақ пен арнайы құралдарды қолданбаған тәртіп сақшылары жануарды залалсыздандырып, иттерге арналған орындардың біріне орналастырды.