Рудныйда 6 жасар егіздер ауруханадан шыққан соң қайтыс болды

Динара Амантай

Өлімнің себебі анықталып жатыр

Фото: Halyq Uni

Рудныйда 2016 жылы туған ағайынды екі бала ауруханадан шыққаннан кейін 12 сағаттан соң қайтыс болды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 12 қазанда екі ағайынды бала Рудный ауруханасына жедел жәрдем желісі бойынша түскен. Ауруханаға түскенде әлсіреп, денесі босаңсып, ұйқышылдық мазалайтынын айтып шағымданған. Бөлімшеге орналастырылған. Инфузиялық терапия жүргізілген. Жағдайы жақсарып, анасының талабы бойынша ауруханадан шыққан.

Анасы үлкен баласының үйде қараусыз қалуына байланысты балаларын ауруханадан шығарып алуға мәжбүр болған.

Клиникалық және зертханалық талдама нәтижесі ешқандай ауытқуды көрсетпеді. Ауруханадан шыққан кезде балалардың жағдайы бірқалыпты болған, ойнап жүрген. 13 қазанда таңертең үйіне кеткен. Сол күні, ауруханадан шығарылғаннан кейін арада 12 сағат өткенде қайтыс болған. Анасы үйіне келгенде балаларының денесін тауып алған. Шақыру орнына сағат 21.20-да жеткен жедел жәрдем бригадасы екі баланың да мерт болғанын тіркеді, - деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

Өлімнің себебі анықталып жатыр.

«Соның ішінде токсикологиялық сараптама тағайындалды. Улы заттармен улану да жоққа шығарылмайды. Қажетті материал жиналып қойған. Токсикологиялық сараптаманың нәтижесі 12-14 күннен кейін белгілі болады», – деп толықтырды баспасөз хатшысы.