Ол былтырдан бері айыппұл төлемеген
Түркістан облысында полиция қызметкерлері 64 рет жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстады деп хабарлады Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.
«Борышкер» іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары Opel Vectra көлігін тоқтатты.
Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның өткен жылдан бері айыппұл төлемей жүргені анықталды. Сайрам ауданының тұрғыны соңғы 2 айдың өзінде 14 рет көлік жылдамдығын арттырып, жол ережесін өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол 150 мың теңгеден аса айыппұл төлеуі керек болған. Алайда жүргізуші оны төлемеген, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ тұрғын 2021 жылы 50 рет жол ережесін бұзып, айыппұл арқалаған. Оны төлемегендіктен айыппұлды өндіру сот орындаушыларына өткен.
«Жалпы, жүргізушінің 64 рет жол ережесін бұзғаны анықталды. Ол айыппұлды уақытында төлемегендіктен көлігі айып тұрағына қойылды. Жүргізушіге түсіндіру жұмысы жүргізілді», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, облыста айыппұл төлемеген 2,5 мыңнан аса жүргізуші анықталған. Олардың жалпы қарызы 19 млн теңгеден асады.
Бүгінде заңға бағынбайтын жүргізушілерден 6 млн теңгеге жуық қарыз өндіріліп, айып тұрағына 30-дан аса көлік қойылған.