Павлодарда сотталғандар автобус аялдамасын жасайды
Олар 40-тан аса аялдаманы дайындауды жоспарлап отыр
Павлодардағы ҚАЖД №45 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар автобус аялдамасын жасайды деп хабарлады облыстық ҚАЖД баспасөз қызметі.
«Еңбек-Павлодар» РМК директоры Асылбек Оспановтың айтуынша, аялдамаларды дайындауға тапсырыс Павлодар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінен түскен.
Өндіріске №45 мекемеде жазасын өтеп жатқандар тартылды. Колонияда қаңқалар жасалады, металл конструкциялар дәнекерленеді, - деді басшы.
Кейін аялдамалар арнайы материалмен қапталып, орындықтар, жарық көздері мен жарнамаға арналған электронды жабдықтар орнатылады.
«Сотталушылардың жұмыс кестесі режим талаптарын ескере отырып белгіленеді», - деді мекеме басшысы Қуаныш Қойшыбаев.
Мекеме облыс орталығында орналастырылатын 40-тан аса автобус аялдамасын дайындауды жоспарлап отыр.