Halyq Uni логотип
×

Мұғалім «Еркелету сағаты» өткізілгенін бақылауы қажет: Жамбыл әкімдігі даулы құжатты түсіндірді

Құжатта мұғалім оқушының көңіл күйін бақылауға тиіс екені көрсетілген

 Айгерім Таубай 14.10.2022 | 12:48
Мұғалім «Еркелету сағаты» өткізілгенін бақылауы қажет: Жамбыл әкімдігі даулы құжатты түсіндірді
Коллаж: Халық үні

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында мұғалімдер оқушыларға «Еркелету сағаты» өткізілгенін бақылауы қажет екені көрсетілген құжаттың фотосы жарияланды.

Құжат мәтініне сәйкес, ата-ана немесе баланың заңды өкілі күніне бір сағат оқушыға «Еркелету сағаты» өткізуі керек. Ал оны мұғалім күнделікті бақылауға міндетті.

«Облыстық білім басқармасы Жамбыл облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес әр оқушының күнделікті жай-күйін бақылауға байланысты ақпараттық хаттың жолданғанын мәлімдеп, сонымен бірге әр отбасыда ата-ана немесе балалардың заңды өкілдерінің кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында «Еркелету сағатын» міндетті түрде өткізуін бақылауға алу қажет екенін хабарлайды», - делінген желіде тараған құжатта.

Сондай-ақ 13 қазаннан бастап облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша таңертең кесте бойынша облыс әкімдігіне ақпарат жинап беру керек екені айтылған.

Кестеге сәйкес, балаларды таңертең мектеп басшысы, психолог, кіші қызметкердің бірі күтіп алуы қажет. Мектепке келген баланың санын көрсетіп, көңіл күйіне баға беруге тиіс. Сондай-ақ отбасында «Еркелету сағаты» өткізілгені туралы мәлімет беруді тапсырған.

Құжатқа Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева қол қойған.

«Еркелету сағаты» бойынша сынып жетекшісі ата-аналар чаты арқылы мәлімет жинап, мектеп психологына беруі керек. Олар мәліметті мектеп басшылығына, мектеп басшысы білім бөліміне, ал білім бөлімі білім басқармасына жолдауы қажет», - делінген құжатта.

Құжат желіде жарияланған соң бірқатар мұғалім мен ата-ана наразылық білдірді. Мұның жұмыстан тыс уақытта орындау қажет тапсырма екені айтылды.

Жамбыл облысы білім басқармасы құжатқа қатысты пікір білдірді.

«Қазір білім саласындағы тәрбие жұмысы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес құрылған бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жоғарыда көрсетілген хат кәмелетке толмағандар арасында түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналармен байланыс орнатып, отбасылық тәрбиенің маңызды екенін ескеру мақсатында жолданған», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісіне.

Сондай-ақ басқарма хаттың мағынасы дұрыс жеткізілмегенін мәлімдеді.

«Жолданған хаттың мағыналық тұрғыда дұрыс құрылмауына байланысты жауапты маманға қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, тәртіптік шара қолданылады. Сонымен қатар білім басқармасы тарапынан педагогтерді жұмыстан тыс уақытта жұмысқа тарту туралы тапсырма берілмегенін және артық жұмыс міндеттелмейтінін хабарлаймыз», - деп жауап берді облыстың білім басқармасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама