Қостанайда полициядан үш жыл жасырынып жүрген Нигерия азаматы ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Шетелдікке облыстық бюджеттен ұшаққа билет сатып алынды

фото: ашық дереккөз

Қостанай облысында елімізде заңсыз жүрген шетел азаматтарын «Нелегал» іс-шарасы аясында өткізіліп жатқан тексеру кезінде Нигерияның азаматы ұсталды.

Ол үш жылдан бері соттың елден шығару туралы шешімін орындамай, Қазақстанның әртүрлі қалаларында тұрып келген.

Нигериялық азамат елден мәжбүрлі түрде шығарылады. Қалалық мамандандырылған сот оның жүріп-тұру бостандығын шектеді. Ол елден мәжбүрлі түрде шығарылады. Қазір шетелдік арнайы қабылдау бөлімінде ұсталып отыр.

Шетелдікке облыстық бюджеттен Алматы-Доха әуе қатынасы арқылы билет сатып алынды. Полиция қызметкерлері шетелдік құқық бұзушыны Алматы қаласының әуежайына алып барды. Ол әрі қарай Қатардың Доха қаласы арқылы еліне барады.

Қостанай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, өңірде 4 күнде елден 11 шетелдік шығарылған. Облыстың 100-ден астам тұрғыны ішкі істер органдарына шетелдіктердің тұрып жатқаны туралы мәлімет бермегендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бұзған шетелдіктерге 5 жыл ішінде елге кіруге тыйым салынады.