Учаскелік инспекторлар 899 қорғау ұйғарымын шығарды
Петропавлда жыл басынан бері 1 мыңнан аса отбасында зорлық-зомбылық дерегі тіркелді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – учаскелік полиция инспекторы жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Тәртіп сақшылары келіп түсетін хабарламаларға ден қойып, зорлық-зомбылық фактілері тіркелген отбасылардағы жағдайды бақылауға алады. Тәжірибе көрсеткендей, жаза тартқан құқықбұзушылар жағдайдан қорытынды жасамайды.
Мәселен, тамыз айында 46 жастағы қала тұрғыны тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот оның жүріс-тұрысына ерекше талаптар қойды. Оған 3 ай бойы алкогольді ішуге тыйым салынған болатын. Алайда учаскелік инспектор тексеріс барысында оны екі рет масаң халде көрген. Ерекше талаптарды орындамағаны үшін ер адам екі ретте де 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұзушылар сот шешімін елемей жататын жағдайлар кездесіп жатады. Олардың түзелуіне маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберу шарасы ықпал етуі мүмкін. Ол үшін жақын туыстарының өтініші қажет. Бұл ретте, адамдардың басым бөлігі жанжалқойлардың әрекеттеріне мойынсұнуға дайын. Отбасылық жанжал кезінде соққыға жығылғанымен, зардап шеккендер кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы арыз жазудан бас тартып, татуласып жатады. Жазасыздық отбасыдағы зорлық-зомбылықтың қайталануына әкеп соғады. 9 айдың ішінде қалада отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 18 қылмыс жасалған. Олардың барлығы дерлігі жанжалдан, қорлаудан, психологиялық зорлық-зомбылық, күш көрсетуден басталған – жәбірленушілер полицияға уақтылы жүгінген жағдайда қылмысты болдырмау мүмкін еді, – деді Петропавл қаласы ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов.
Жалпы жыл басынан Петропавлда отбасы-тұрмыстық қатынас саласында 1092 құқық бұзушылық тіркелді. Учаскелік инспекторлар 899 қорғау ұйғарымын шығарды.