Америкалық коллекционер Қазақстанда тіркелген көлікті 146 млн теңгеге сатып алды

Динара Амантай

Джип Жапонияның барлау қызметі үшін ғана шығарылған

Фото: Halyq Uni

Қазақстанның мемлекеттік тіркеу нөмірі бар Toyota көлігі АҚШ-та рекордтық бағаға сатылды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Motor.ru сайтына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, америкалық коллекционер аукционда сирек кездесетін Toyota Mega Cruiser жол талғамайтын көлігін жаңа Lexus LX автокөліктің бағасынан 3,5 есе қымбатқа сатып алған.

1996 жылы шыққан, 91 мың шақырым жол жүрген көліктің жаңа иесі оған 310 мың доллар төлеген. 

Toyota Mega Cruiser –  жапон армиясы мен барлау қызметтері үшін жасалған үлкен рамалы жол талғамайтын көлік. Автокөлік 1995 – 2001 жылдар аралығында Жапонияның ішкі нарығы үшін шығарылған. Тек 150 көлік ғана сатылған. 

Қазақстаннан жеткізілген көліктің ерекшелігі – оның рулі оң жақта орналасқан. Америка Mega Cruiser өте сирек кездеседі. Өйткені ел заңнамасының ерекшеліктеріне байланысты АҚШ-қа шығарылғанына 25 жылдан асқан машиналарды ғана шектеусіз импорттауға болады.

Cars and Birds аукционында сатылған Mega Cruiser жеке меншік иелеріне арналып барынша бақуат нұсқада жасалған. Салонында артқы көрініске арналған камера, теледидар, тоңазытқыш, аудиожүйе, жылытылатын орындықтар, стационарлық телефон бар. Ал жүксалғышы бір кісілік орынмен жабдықталған. Артқы екі былғары орындық тұғырға орнатылған.

Салмағы 2,9 тонна болатын 5,1 метрлік жер талғамайтын көліктің қуаты 153 аттың күшіне тең 4 цилиндрлі 4,1 литрлік турбодизельді қозғалтқышы бар.