Halyq Uni логотип
×

Бала күтіміне берілетін жәрдемақыны ұзарту ұсынылды

Елімізде 1,6 млн балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады

 Дастан Жұмабекұлы 13.10.2022 | 15:41
Бала күтіміне берілетін жәрдемақыны ұзарту ұсынылды
фото: ашық дереккөз

Парламент Мәжілісінің депутаттары бала күтіміне төленетін жәрдемақыны 3 жылға дейін ұзартуды және барлық балаларға қолдау ретінде 18 жасқа дейінгі әмбебап балалар жәрдемақысын енгізуді ұсынды.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары ана мен баланы дамыту мәселесін ұлттық басымдық деп жариялау және оған қатысты ұлттық жоба қабылдау туралы ұсыныс айтты.

Депутат Айжан Сқақова аналарға берілетін әлеуметтік көмектің жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, ана мен бала дамуына қатысты мемлекеттік деңгейде түбегейлі жаңа көзқарас пен тұжырымдама қажет.

Бұған дейін биыл мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдауға қомақты ақшаның бөлінді. Әлеуметтік көмекке 898 млрд теңгеден астам қаражаттың қарастырылды.

Қазіргі таңда 1,6 млн балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады. Биыл республикалық бюджеттен бұл мақсаттарға 537,1 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 13,3%-ға көп (2021 жылы –  473,9 млрд теңге). Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 361,3 млрд теңге қарастырылған (2021 жылы – 295,8 млрд теңге).

Мемлекет базалық деңгейде баланың тууына байланысты республикалық бюджеттен біржолғы жәрдемақы төлейді. Оның көлемі 120 840 теңге мен (бірінші-үшінші балаға) 200 340 (төрт және одан да көп балаға) теңге аралығында. Биылғы 4 айда жәрдемақы 134,1 мың адамға (18,4 млрд теңге) берілген.

Сондай-ақ, жұмыс істемейтін әйелдерге 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған. Оның көлемі отбасындағы бала санына қарай есептеледі. Жәрдемақы мөлшері 18 317 теңге (бір балаға) мен 28 302 (төрт және одан көп балаға) теңгенің аралығында. Биыл жәрдемақының бұл түрі 46,5 мың адамға (4,7 млрд теңге) берілді.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар немесе күндізгі оқу нысанында білім алатын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның көлемі бала санына қарай 50 976 теңгеден бастап (4 бала) 203 520 теңгеге (16 бала) дейін жетеді. Биылғы 4 айда жәрдемақының бұл түрін 495 мыңнан астам отбасы алды (110,1 млрд теңге).

Елімізде «Көпбалалы аналардың дәрежесін көтеру үшін де мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Ол «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленеді. Қазір жәрдемақының көлемі - 20 352 теңге. Жыл басынан бері 227,6 мың адамға 17,9 млрд теңге төленді.

Бұдан бөлек мүгедектігі бар баланың кәмелет жасына жеткенге дейінгі күтімі бойынша республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді. Оның көлемі - 52 345 теңге. Қазіргі таңда бұл жәрдемақы 95,5 мың отбасына берілді (19,8 млрд теңге). Мүгедектігі бар бала кәмелет жасына толған соң мүгедектіктің бірінші тобы белгіленсе, онда бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның күтімі бойынша жәрдемақы төленеді. Оның да көлемі - 52 345 теңге. Биыл бұл жәрдемақыны 30 мыңнан астам отбасы алды (6,5 млрд теңге). Төлемнің бұл түрі мүгедектік бойынша жәрдемақыдан бөлек төленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама