×

Әлеуметтік кәсіпкер 7 жылдан бері зейнеткерлерге тегін түскі ас беріп жүр

Бұл алматылық қарттарды тегін тамақтандыратын жалғыз жоба

 Айнұр Шошаева 13.10.2022 | 09:08
Сурет: Расима Темербаеваның жеке архивінен

Әлеуметтік кәсіпкер Расима Темербаева күн сайын 150 алматылыққа түскі ас береді. Жеті жылдан бері оған зейнеткерлер мен мұқтаждарды тамақтандыруға қаланың қарапайым тұрғындары көмектесіп келеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Тегін түскі ас» жобасын бастағанға дейін Расима Темербаева психолог, волонтер болып менталды ауытқуы бар адамдармен жұмыс істеген.

«Бүгін біздің жобамызға 7 жыл толып отыр. 20 жылдан астам уақыт бұрын Американың фудбанкінің идеясы ұнады. Қазақстанда сол идеяны іске асырғым келді. Ақпарат аз болды. Идеяны іске асырып, әлеуметтік жобаны бастау үшін көп іздендім. 2015 жылы Газеля Әмірханованың «Жобаларды басқару» тренингіне тап болдым. Нәтижесінде «Тегін асхана» атты жобамды ұсындым. Негізгі идеясы көмекке мұқтаж азаматтар сол асханада жұмыс істеп, басқа мұқтаждар тегін түскі ас алуы тиіс еді. Бірақ жобам сәл басқаша болып шықты», – деді ол. 

Расима жобаны бастағанда қиындықтар болғанын жасырмады. 

«Моралдық тұрғыда қиын болды. Себебі біздің қоғам әлеуметтік аз қамтылған жандардың проблемалары мен қажеттіліктеріне басқаша қарайды. Басында «мемлекет қайда қарап отыр, балалары неге қарамайды» деген сыңайдағы негатив көп болды. Тіпті, біз солардың арқасында пайда тауып отыр деп санағандар кездесті. Өзіміз тамаққа жеткізе алмай отырғанда, қайтып пайда табамыз?», – дейді кейіпкер. 

Жоба жетекшісі тегін ас зейнеткерлер, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетінін айтады. Сондай-ақ тек оларды тамақтандырып қоймай, әлеуметке бейімделуіне септігін тигізу дейді. 

Әр адамның тағдыры әрқилы келеді. Біреудің баласы қайтыс болған, түрмеге түскен немесе таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Ол үшін сөге алмаймыз. Жобаның басты мақсаты тек тамақтандыру емес, қарттардың әлеуметке бейімделуіне көмектесу. Зейнеткерлер үйде отыра бермей, қимылдатып, бір-бірімен таныстыру. Кезекте тұрғанда сөйлесіп, достасып, кейін волонтерлікпен айналыса бастайды. Айналасыдағы мүгедектер мен төсек тартып қалған науқастарға тамақ жеткізіп береді, – деп қосты. 

Бұған қоса, ол күн сайынғы келушілердің портретін жасап берді. Айтуынша, олардың 99 пайызы жоғары білімі бар, бұрын мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде жұмыс істегендер.

«Мәселен, дәрігер, мұғалім, ғылыми қызметкерлер мен әртістер бар. Бюджеттік секторда жұмыс істегенімен алатын зейнетақылары аз. Оны бір айға жеткізу қиын. Бізге олармен сөйлескен қызық, қызықты әңгімелерін айтады. Білмегендерімізді солардан үйренеміз. Биыл келушілер көбейді, бірақ біз бәрін тамақтандыра алмаймыз. Күн сайын 150 адамға есептеп дайындалады. Оған қоса қамқорлығымызда 17 отбасы бар, олар ерекше балалар мен жалғызбасты аналар. Бұл отбасыларға екі апта сайын азық-түлік апарып береміз. Пісірген тамақтың бәрін алып кетеді. Кейде біреулер келмей қалатын кездер болады. Қайтыс болса, орнына басқа қарт табылады», – дейді жоба жетекшісі. 

«Тегін түскі» ас жобасына мемлекеттен бір рет қана көмек көрсетілген. 2019 жылы 9 ай бойы қаржылай көмек болғанын жасырмады. 

«Жеті жыл бойы жомарт жандар көмектесіп келеді. Мықты, тұрақты демеуші жоқ. Игі іске үлес қосқысы келетін қарапайым адамдар жұмыртқа, шұжық, ет әкеліп береді. Қордың шотына ақша аударады. 1 теңге, 3 теңгеден бастап аударатындар бар. Бізге келетін кейбір зейнеткерлер таудан алма мен алмұрт теріп әкеледі. Оны кептіріп, сақтаймыз. Кейін компот қайнатып, келушілерге береміз», – деді ол.

Айта кетейік, былтыр Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Алайда, кәсіпкер аталған заңның олқылықтары көп деп есептейді. 

Бұл заң жұмыс істемейді, өйткені бұл саланы ешкім түсініп жатқан жоқ. Мен әлеуметтік кәсіпкермін, жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік мәселені шешуге өз үлесімді қосып келемін. Қазір тек коммерциялық ұйымдар ғана әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналыса алады екен. Әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекеттен қолдау,  яғни ғимарат табу, субсидия мен басқа да көмек көрсету көзделген. Алайда қайырымдылық ұйымы ретінде тіркелгендіктен, мен реестрге кіре алмаймын. Коммерциялық табысымды көрсете алмаймын, қандай көмек ала аламын? Ешқандай көмек жоқ. Сондықтан демеуші іздеп, қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүрмін. Қайырымдылықпен айналысып, әлеуметтік проблеманы шешіп жатсақ та, шенеуніктердің райынан қайтара алмадық. Бір сөзбен айтқанда, заңдағы олқылық үшін қайырымдылықпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудан қағылып отыр, – деп толықтырды спикер. 

Әзірге бұл Алматының зейнеткерлерін күн сайын бір мезгіл тегін тамақтандыратын жалғыз жоба. Расима Темербаева жеті жылда күн сайын кететін шығынды есептеп, үнемдеп үйренген. Мәселен, Құрбан айт кезінде тегін таратылатын етті сақтап, бір жылға жеткізеді.

«Жеті жыл бойы тек энтузиазммен өмір сүру, әрине, қиын. Жобаны жабу туралы ой келмеді емес, келді. Шаршап, қажып кететін кездер болады. Бірақ күн сайын 150 адам алғыс айтып қарағанда, мен де, менің ұжымым да оларды тастап кете алмайтынымызды түсінеміз. Өйткені ол қызығы басылған соң, тастап кететін ойыншық емес қой. Тығырықтан шығу жолдарын іздейміз», – деп қорытындылады Расима Темербаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама