Halyq Uni логотип
×

Астанада нейрохирургтер аяқтың ұшымен жүретін қызға күрделі ота жасады

Өте сирек жасалатын операция 4 сағатқа созылды

 Дәурен Ерболат 12.10.2022 | 16:30
Астанада нейрохирургтер аяқтың ұшымен жүретін қызға күрделі ота жасады
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Елордада нейрохирургтер аяқтың ұшымен жүретін 6 жасар қызға күрделі ота жасады деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.

Ұлттық нейрохирургия орталығына Алматы облысынан 6 жасар қыздың ата-анасы көмек сұрап келген. Кішкентай науқас өздігімен жүре алмаған. МРТ нәтижесі баланың мойын омыртқаларының дамуында туа біткен ауытқудың барын көрсеткен. Орталықтың білікті дәрігерлері консилиум өткізіп, науқасты қалай емдеу керектігін ақылдасқан.

Дәрігер Талғат Керімбаев мұндай операция өте сирек жасалатынын атап өтті.

Біз балаға аса күрделі операция жасадық. Қызда мойын-желке омыртқалардың көптеген туа біткен ақауы болды. Салдарынан жұлын мен ми бағанасы қысылған. Осыған байланысты 6 жасар қыз өздігімен жүріп, еркін қозғала алмады. Тіпті өз күшімен киіне де алмаған, - деді маман.

Операция барысында нейрохирургтер бірлесіп шешім қабылдаған.

«Біз бас пен мойынның қалыпты анатомиялық арақатынасын, яғни мойын-желке аймағының омыртқаларын қалпына келтірдік. Кейін С1, С2, С3, С4, С5, С6 омыртқаларды трансартикулярлық, транскортикальды бекіту операциясы жасалды» - деді Талғат Керімбаев.

Науқастың анасы баласы 5 жасқа дейін балет бишісі сияқты аяқтың ұшымен жүргенін, 6 жасында қызының бойы күрт өсіп, жүре алмай қалғанын жеткізді.

Бұған дейін де ұлттық нейрохирургия орталығына көмек сұрап бардық. Дәрігерлер операция жасау үшін қызымыздың сүйегі нығаюы керектігін айтты. Сондықтан біраз уақыт күтуге тура келді. Бүгінде қызыма ота жасалды. Енді біз қызымыздың алғашқы қадамын күтіп жүрміз, - деді ол.

Нейрохирург Сапарбек Сейтбеков операцияда қысылған жұлынды босату, мойын омыртқасын бекіту басты міндет болғанын атап өтті.

Ота барысында қиындыққа тап болдық. Ми бағанасы, жұлын мен қан тамырларының зақымдану қаупі өте жоғары болды. Егер олар зақымданса, науқас сал болып қалар еді. Тіпті, өліп кетер еді. Алайда операция сәтті аяқталды. Аяқтың бұлшық еттерінде күш пайда болып, бала қозғала алатын болды, - деді дәрігер.

Айта кетсек, күрделі отаны профессор, нейрохируг Талғат Керімбаев, нейрохирург Виктор Алейников, Балалар нейрохирургиясы бөлімінің дәрігері Сапарбек Сейітбеков жасады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама