Идеяны жүзеге асыруға бір оқу орны орташа есеппен 110 миллиард теңге шығындауы мүмкін
Алматыдағы бірқатар университет пен колледж Қонаев қаласына көшіріледі. Мегаполистегі көлік кептелісін шешу үшін Алматы облысының атқамінерлері осындай амал ұсынып отыр. Олар жаңа салынатын студенттер қалашағына арнайы аумақ бөлмек.
КТК телеарнасының хабарлауынша, идеяны жүзеге асыруға бір оқу орны орташа есеппен 110 миллиард теңге шығындауы мүмкін. Осылайша, көпшілік «Қазақстанның Лас-Вегасы» деп танитын қала енді «жастар шаһары» деген атты еншілеуге тиіс.
Жалпы, бұл идея Алматы қаласында жер телімдерінің аздығынан туындап отыр. Сонымен қатар, біраз университеттің жатақхана салуға мүмкіндігі жоқ. Себебі, жер телімі тапшы. Ал біздің ұсынысымыз – қажет инфрақұрылымның барлығын қамтамасыз етіп, жер телімдерін береміз. Ол жерге студенттердің оқу орталығын, кампустар салуға, сонымен қатар жатақхана мәселесін де бірден шешуге болады, - дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Алматыда қазір 36 жоғары оқу орны бар. Онда 190 мыңнан аса студент оқиды. Олардың үштен бірін көшіргеннің өзінде қаладағы қозғалыс саябырсиды.
Егер ол жақта инфрақұрылымнан бөлек, оқытушыларға, университет қызметкерлеріне баспана, барлық студентке жатақхана беретін болса, бұл ұсынысты тиімді деп айтар едік. Ал университеттің осынша миллиард ақшаға құрылыс жүргізуі еш қисынға келмейді. Үкімет университеттерді көшіру үшін несие, субсидия бөлуі мүмкін. Ондай жағдайда жобаны жүзеге асыруға жоқ дегенде 5 жыл қажет, - дейді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асқар Хикметов.
Оқытушылардың бірсыпырасы бұл жобаны «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн деген пікірде. Ол үшін тұрғын үйлер, мектеп пен ауруханалар салынған ауданға көшірсе дейді. Өйткені Алматыдан күнде Қонаевқа қатынау оңай емес.
Ал Алматы облысының әкімдігі қазірден бұл ұсынысқа қызығушылық танытқан екі-үш университет барын айтады. Студенттер қалашығына жерді жаңа ауданнан бөлуді көздеп отыр.