Киевтегі Қазақстан елшілігіне зақым келмеген – СІМ
Министрлік өкілі Украинада жүрген қазақстандықтардың нақты санын әлі жариялаған жоқ
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Украинадағы Қазақстан елшілігінің жұмысы тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп, ел азаматтарының мүддесін қорғауға қатысты іс-шаралар атқарылатынын айтты. Мұнымен қоса, дипломаттардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.
Роман Василенконың айтуынша, Киевтегі Қазақстан елшілігіне зақым келмеген.
Еске салайық, 10 қазанда Қазақстанның Украинадағы елшілігі сол елде тұратын қазақстандықтарға үндеу жасады. Елшілік Украинаның барлық аумағында азаматтық инфрақұрылым мен мемлекеттік нысандарға шабуылдың күшеюіне байланысты өз азаматтарын Украинаға барудан бас тартуға, ал елде жүргендерді әуе шабуылы дабылына мұқият мән беруге, өз баспанасында және бомбапанада қалуға шақырды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір Украинада жүрген Қазақстан азаматтарының саны нақтыланып жатқанын айтты.