Павлодар облысында тұтас бір ауданда таза ауыз су болмай тұр
Аудан әкімі де қазіргі ауыз судың сапасыз екенін растап отыр
Павлодар облысында бүтін бір ауданның халқы таза суға жарымай отыр. Тұрғындардың айтуынша, Май ауданына орталық су құбыры 3 жыл бұрын тартылған. Алайда судың сапасы сын көтермейді. Соның кесірінен бәріміз ауру болдық дейді, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Ал су тазарту стансасына жауапты мамандар «бізде кінә жоқ» деп отыр. Айтуларынша, бар гәп ауылішілік құбырларда болуы мүмкін.
«Ертіс» филиалы су сорғы станциясы орналасқан Баскөл ауылы мен Ақжар елді мекеніне дейінгі аралықтағы орталық магистральға жауапты. Ал әр ауылдың ішіне тартылған құбырларға біз қызмет көрсетпейміз, - дейді «Нұра топтық су құбыры» РМК «Ертіс» филиалының директоры Арман Оспанов.
Жалпы, ауылдарды сумен қамтуға әкімдік жауапты. Бұл ретте аудан әкімі де қазіргі ауыз судың сапасыз екенін растап отыр.
Су қайнатқан кезде шәйнектің, самаурынның түбінде қалатын ұнтағы бар. Екіншіден, қолыңды жуған кезде сабын көпіре қоймайды. Иә, қаттылығы бар. Оны қабылдаймыз. Мен бірінші келген күннен бері айтқанмын, біз судың сапасы бойынша шегіне жетуіміз керек, - дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.
Еске сала кетсек, бұл су құбырына май тұрғындары 10 жылда әрең қол жеткізген болатын. Енді әкімдік Алматыдан арнайы мамандарды шақырып, сараптама жасатып отыр. Олар судың қатты екенін анықтап, қосымша су тазартқыш қондырғылар орнатуды ұсынған.