Halyq Uni логотип
×

Қаңтар оқиғасына байланысты 52 адам сотталды – ІІМ

Қазір тергеушілер өндірісінде 2729 қылмыстық іс бар

 Ербол Тұрымбет 21.02.2022 | 14:50
Қаңтар оқиғасына байланысты 52 адам сотталды – ІІМ
коллаж: Halyq Uni

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, қаңтар оқиғасына қатысты жеке басы және жасаған қылмыс ауырлығы ескеріліп, 52 адам сотталған. Оның 39-ы бас бостандығын шектеу, 13-і бас бостандығынан айыру, ал 2 адамға қатысты тараптар татуласуына байланысты іс тоқтатылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министрлік өкілінің сөзінше, қазір Ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2729 қылмыстық іс бар. Ол бойынша 255 адам күзетпен ұсталып отыр. Оның сөзінше, қылмыстық істер негізінен ұрлық (1 844), заңсыз қару айналымы (343), мүлікті қасақана бүлдіру немесе жою (144) бойынша тергелуде. 

Тергеушілер 88 қылмыстық іс бойынша 107 күдіктіге қатысты қылмыстық істі айыптау актілерімен аяқтаған. Бұл істердің де негізгі бөлігі ұрлық (65), қаруды заңсыз сақтау (11), оларды ұрлау (7) және өзгелер. Сотқа 86 айыпталушы берілген (Алматы қ. – 48, Алматы обл. – 5, Ақмола және Түркістан облыстары - 1).

Жасаған әрекетінің ауырлығын, жеке басының мінездемесін ескеріп, соттар 140 адамға қоғамнан алшақтатпайтын бұлтартпау шараларын тағайындады. Оның ішінде, үйқамаққа – 62 адам, кепілге – 33 адам, ешқайда шықпау туралы қолхатпен – 45 адам жіберілген, – дейді Әділов.

Жалпы республика көлемінде қаңтар оқиғаларын тергеуге ішкі істер органдарының 500-ден аса қызметкері тартылған.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама