«Күйеуі көлігін сатқан». Әкімдік терезеден секіріп өлген келіншекке неге АСП берілмегенін айтты
Марқұмның күйеуі жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрмаған
Алматыда үш баласын терезеден лақтырып, артынан өзі де секіріп өлген жас келіншектің күйеуі Нұрсұлтан Оразов отбасындағы қайғылы жағдайға қатысты пікір білдіріп, жұмыссыз жүргенін, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек берілмегенін айтты.
Карантин күшейтілген кезде де сұраған едік, берген жоқ. Әйелім Халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдікке жүгінді. Ол бәрі көмек беруден бас тартқанын айтты, - деді марқұмның күйеуі.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Бақытгүл Қыдырбаева (марқұм) 2021 жылдың 6 тамызынан бастап Алматы қаласының Әуезов ауданындағы Жетісу-1 мөлтек ауданында уақытша тіркеуге тұрған. Оған дейін Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданындағы Нұрсат мөлтек ауданында тұрған (тіркеуде).
2021 жылы 20 мамырда Бақытгүл Қыдырбаева атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген. Оған ІІ тоқсанға 225 352 теңге тағайындалған. Осылайша мамыр (112 676 теңге) және маусым (112 676 теңге) айларына төленген болатын, - дейді басқарма басшысының орынбасары Жанат Өтебаева.
29 қазан күні Бақытгүл атаулы әлеуметтік көмекке қайта өтініш берген. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі бұйрығында көрсетілген талап бойынша әлеуметтік көмек берілмеген. 2021 жылдың шілдесінде күйеуі Нұрсұлтан Оразов (тіркеу нөмірі – 468 AYZ 13) Toyota Carina автокөлігін сатты. Осылайша отбасына кіретін табыс жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70%-нен (25 731 теңге) асып кетуіне байланысты әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған.
Басқарма өкілінің айтуынша, Нұрсұлтан Оразовтың өзі жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрмаған. Тіпті, Жұмыспен қамту орталығының көмегіне де жүгінбеген.
22 қарашада Алматыдағы «Жетісу» шағын ауданыдағы көпқабатты үйлердің бірінде 28 жастағы әйел алдымен үш баласын (2015, 2016 және 2019 жылы туған) 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі секіріп өлді.
Әйел мен оның екі баласы оқиға орнында қайтыс болған. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Келіншек өлім алдында хат қалдырып кеткен.
Қазір қайғылы оқиғаның себебі анықтау мақсатында Алматы қаласы Полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Куәгерлердің айтуынша, жас ана алдымен балаларды терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Жас келіншек осы үйде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрған.
Алматы қалалық Полиция департаменті қайғылы оқиғанын алдын-ала себебі ретінде жұбайлар арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал болғанын хабарлады.