×

«Көпірді өзіміз салдық»: Тараз тұрғындары әкімдік жұмысына шағымданды

Қала тұрғындары жол, жарық және мектеп пен тұрғын үйдің арасындағы көпір мәселесін көтерді

 Ұлдана Жұбай 12.10.2022 | 11:40
Halyq Uni

Тараздағы «Қант зауыты» алқабының тұрғындары жолдың сапасына шағымданды. Тұрғындар қалада тұрып, қараусыз қалғанына қапалы. Олардың сөзінше, қала әкімдігі жыл сайын жолды жөндеуге уәде береді.

Halyq Uni тілшісі тұрғындармен кездесіп, мәселені біліп қайтты.

Тұрғындар алқап аумағындағы алты көшеде асфальт төселмегенін айтады.

Ақылбек Қарашолақов «Қант зауыты» алқабына 25 жасында көшіп келген. Қазір ер адам 60 жастан асқан. Айтуынша, осы аралықта бір де бір рет жол төселмеген.

«Қант зауыты» алқабына көшіп келгенде 25 жаста едім. Қазір 62-ге келдік. Бұл асфальтті көреміз бе, көрмейміз бе?! Жыл сайын әкімдіктен адам келеді. «Жөндейміз» деген бір-ақ сөз айтады. Отыз жылдан асты. Жыл сайын резеңке етік аламыз, өйткені балақтан балшық кешеміз», - дейді ол.

Тұрғындардың сөзінше, осыдан бірнеше ай бұрын алқапқа әкімдік қызметкерлері келіп, мәселені тыңдаған. Жол төсеп беретінін айтқан. Алайда тұрғындар қызметкерлердің сөзінде тұрмағанын айтады.

Әкім уәде берді. Бірақ орындаған жоқ, - дейді тараздық тұрғын Асқар Рүстемұлы.

Алқаптағы тағы бір мәселе – көпір мен көше жарығы.

«Алқап пен мектептің арасын жалғайтын көпірді өзіміз қолдан салып алдық. Қазір оның ортасы ашылып кеткен. Өтуге қорқамыз. Әсіресе, қыста қорқынышты. Тайып кетпеу үшін тұз бен құм себеміз. Көшелерде жарық та жоқ. Балалар мектептен қараңғыда қайтады», - дейді тұрғындар.

Әкімдік көпір салуға көмек көрсететінін айтты. Ал жол мен жарық мәселесі алдағы бес жыл ішінде шешіледі.

«Тұрғындардың сұранысы бойынша жақын арада көпір салып береміз. Ал жол мен жарықты алдағы 5 жылдық жоспарға енгізіп жатырмыз. Қазір қала аумағында 600-ге жуық көше жөндеуді қажет етеді», - дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерболат Сейітбеков.  

Айта кетейік, Таразда 1 388 көше бар, оның  60 пайызға жуығы асфальтталған. Биыл бюджеттен 1 млрд 382 миллион теңгеге 27 көшеге асфальт төселіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама