Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметін күшейтуге келісті
«Қапланбек» - «Науаи» мен «Тажен» - «Даут ата» шекаралық бекеттерде құрылыс басталады
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналинов Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Акмалхужа Мавлановпен кездесті.
Кездесуде екі ел президенттерінің 2021 жылғы желтоқсанда кеден ісі саласындағы қол қойылған екіжақты құжаттарды іске асыруға назар аударылды.
Осы құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында былтырғы жылдың 25 желтоқсанында екі елдің кеден қызметтерінің басшылары жұмыс кездесуін өткізіп, ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойған болатын.
Бұл кездесуде Қазақстан-Өзбекстан шекарасында орналасқан «Қапланбек» (Қазақстан) – «Науаи» (Өзбекстан) мен «Тажен» (Қазақстан) – «Даут ата» (Өзбекстан) шекаралық-кеден бекеттеріндегі құрылыс және құрылыс жұмыстарын өзара үйлестіру жөнінде міндеттерді орындау жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ осы жылдың 15 желтоқсанынан бастап кедендік шекара арқылы өтетін тауарлар мен көліктер туралы алдын ала ақпарат алмасу жүйесін іске қосуға келісті.
Кездесуде екі ел арасындағы сыртқы сауданың кедендік статистикасын өзара салыстыру және үйлестіру, кеден ісіне қатысты мәселелерді жедел қарастыру және шешу мақсатында Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанынан тұрақты жұмыс істейтін «кедендік қызмет өкілін» құру туралы ұсыныс енгізілді.
Тараптар 2023-2024 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Келісімге сәйкес, келесі кездесу 2023 жылдың екінші тоқсанында өтеді.