Бір жігіт екіншісін таспен ұрып өлтірді
20 ақпан сағат 23.05-те Түркістан қалалық Полиция басқармасының 102 пультіне жедел жәрдем фельдшерінен жанармай бекетінің қарама-қарсы жағынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы шықты. Анықталғандай, Түркістан қаласынан Кентау қаласына бара жатқан бағытта, яғни Қызылорда тас жолында жүргізушілер арасында келіспеушілік болған. Нәтижесінде, жүргізушілердің бірі екіншісін таспен ұрған. Салдарынан соңғысы оқиға орнында қаза тапқан, – дейді полиция.
Күдіктімен бірге көлікте жедел жәрдем шақырған әкесі болған. Келгеннен кейін дәрігерлер жәбірленушінің көз жұмғанын анықтап, полицияға хабар берген.
Күдікті жас жігіт – Түркістан қаласының тұрғыны. Ол бұрын Алматы облысында тонау үшін шартты түрде жазасын өтеген. Оны полиция қызметкерлері қылмыс орнында ұстады. Оған қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайын полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында анықтайды.