Министрлік өкілі Украинада жүрген қазақстандықтардың нақты санын айта алмайтынын жеткізді
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір Украинада жүрген Қазақстан азаматтарының саны нақтыланып жатқанын айтты.
«Қазір Украинада жүрген Қазақстан азаматтарының санын тексеріп жатырмыз. Соңғы оқиғаларға байланысты ол елдегі ҚР азаматтарының саны азайған. Кеше Украинадағы біздің елшілік көмек көрсету бойынша тиісті мәлімдеме жасады. Бастапқы эвакуация кезінде көбісі ол елден кетіп қалған еді. Олардың кейбірі қайтадан баруы мүмкін. Сондықтан қазір нақты санын айта алмаймын», - деді СІМ өкілі.
СІМ ресми өкілі Украинадағы Қазақстан елшілігі жұмысын жалғастырып жатқанын, күн тәртібінде елшілікті жабу емес, ондағы қызметкерлерді эвакуациялау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Таяу күндері осы мәселе шешіледі. Атап айтқанда, эвакуация толық жүргізілуі мүмкін, - деді СІМ өкілі.
Еске салайық, 10 қазанда Қазақстанның Украинадағы елшілігі сол елде тұратын қазақстандықтарға үндеу жасады. Елшілік Украинаның барлық аумағында азаматтық инфрақұрылым мен мемлекеттік нысандарға шабуылдың күшеюіне байланысты өз азаматтарын Украинаға барудан бас тартуға, ал елде жүргендерді әуе шабуылы дабылына мұқият мән беруге, өз баспанасында және бомбапанада қалуға шақырды.