Елімізде шетелдік мигранттарға шағым көбейді – ІІМ
Шағымның дені еңбек мигранттарының жұмысты келісімге сай істемейтіндігіне қатысты
Ішкі істер министрінің ресми өкілі Шұғыла Нұрлыбек шетелдік еңбек мигранттарымен келісімшарт жасасқанда сақ болуды ескертті. Айтуынша, полиция қызметіне қазақстандықтардан шет елдерден келетін еңбек мигранттарына қатысты көптеп шағым түсе бастаған. Шағымның дені еңбек мигранттарының жұмысты келісімге сай істемейтіндігіне қатысты.
Қазақстанға күн көру және табыс табу мақсатында сырттан келетін еңбек мигранттарының көбі құрылыс, сауда және қызмет көрсету саласында істейді екен.
«Шетелдік еңбек мигрантымен келісімге келер алдында міндетті түрде ол азаматтың Қазақстанда заң аясында жүргеніне көз жеткізу керек. Және азаматтан төлқұжатын талап етіп, еңбек етуге құқылы екендігін анықтаған жөн. Кез келген шетел азаматының Қазақстанда мекендеу туралы рұқсаты болуы керек. Шетелдік еңбек мигранты күдік туғызған жағдайда еңбек шартына отырудың қажеті жоқ», - деп ескертті ІІМ өкілі.
Еске салайық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл елімізге шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты квотаны 16%-ға, яғни 23 560-қа дейін қысқартты.