Halyq Uni логотип
×

«Олардың арманы қарапайым». Науқастар соңғы сәтте нені армандайды?

Науқастар волонтердердің әр келгенін күтіп жатады

 Айнұр Шошаева 10.10.2022 | 17:28
«Олардың арманы қарапайым». Науқастар соңғы сәтте нені армандайды?
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда волонтерлік ұйымдардың сан түрі бар. Алайда медициналық волонтерлікпен айналысатын ұйым көп емес. Үш жыл бұрын елімізде «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінде ұйымның 2 мыңнан астам мүшесі еліміздегі хоспистер мен ауруханаларда науқастарға жәмдемдесіп жүр. Halyq Uni тілшісі аталған бірлестіктің негізін қалаған Абылайхан Әбдірашпен тілдесіп, медициналық волонтерлік пен оның Қазақстан қоғамындағы рөлі туралы ойын білді. 

«ҚАН ТАПСЫРЫП, ТҮСКЕН АҚШАНЫ АРЫСҚА ЖІБЕРДІК»

Волонтерлік әлемде бір ғасырдан бері пайда болған термин, біздің елімізде соңғы 10 жылдан қанат жайып келеді. Волонтер жылы өткізілгеннен кейін трендке айналды деуге болады. Бастапқыда белсенді болып, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып жүргеніміздің волонтерлік екенін өзіміз де білмедік. Дәрігер мамандығын оқып жатқандықтан, халықтың медициналық сауатын арттыру үшін мектеп, университеттерге барып, аурудың алдын алу, ауырған жағдайда дұрыс емделуді түсіндіріп жүрдік.

2019 жылы еліміздің барлық өңіріндегі медициналық білім беру ұйымдарында оқитын студенттерді жинап конференция өткіздік. Нәтижесінде «Медицина жастары» деген ұйым ашылды. Оның мақсаты – медицинаға қатысы бар жастардың басын біріктіріп, олардың күшін халықтың игіліне жұмсау. Халықпен жұмыс істеумен қатар болашақ дәрігерлермен де жұмыс істеуді мақсат етті. Студенттердің проблемасы жетеді: шәкіртақының түспеуі, жатақханадан орын табылмайтын кездер болады. Үкіметтік емес ұйым болғандықтан, олардың құқығын қорғап, жәрдемдесеміз. 

Дәл сол жылы Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болды. Сол кезде біздің волонтерлер қан тапсырып, донорға беретін ақшаны жинадық. Жиналған 100 мың теңгеге жуық қаражатты Шымкенттегі волонтерлердің шотына аудардық. Олар сол ақшаға Арыс тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырды. Осылайша бір оқпен екі қоянды аттық. Еліміздің қан орталықтарының қан қорын толықтырдық және Арыс тұрғындарына жәрдем бердік. 

Бір жылдан соң пандемия басталды. Еріктілеріміз COVID-19 вирусын емдеу үшін осы мәселенің айналасындағы жұмыстардың отымен кіріп, күлімен шықты. Ковидтік стационарларда тегін көмек берді. Кейін үкімет қаулысымен оларға сыйақы төленді. Кез келген нәрсе ниетке байланысты ғой, еңбегі ақталды. 

«НАУҚАСТАР КҮТІП ЖАТАДЫ»

Кез келген адам жұмысында волонтер. Жалпы, ерікті болу кез келген адамның қолынан келеді. Жұмысты ақша үшін істемеу керек. 

Тек Астананың өзінде 200-ге тарта медволонтер бар. Мен олардың әрқайсысын мақтап әрі олармен мақтанып отырам. Себебі ақшаға кез келген жұмысшыны жалдауға болады. Ал біздің қыз-жігіттерге ақы төлемесе де, жақсылық жасау үшін уақыттарын бөледі. Маслоу пирамидасында бірінші кезекте дүние, қауіпсіздік деп ең соңғы сатыда рухани даму тұрады. Ал біздің жастарда керісінше,18 жастан бастап оқумен қатар халыққа көмектесе бастайды. Ол үшін бір теңге ақы сұрамайды, еңбегін бұлдамайды. 

«Медицина жастары» бірлестігінің Қазақстан бойынша 2000 жуық волонтері бар. Жыл сайын қатарымыз толығып отырады. Алайда бәріне қойылатын қатаң талап бар, ол – ең алдымен жауапкершілік. Жауапкершілік болмаса ұйымнан шығарамыз. 

Біздің волонтерлер хоспис, қарттар мен жетімдер үйі, аураханаларда жұмыс істейді. Сондай-ақ халықты әлеуметтік қолдау орталығы берген тізімдегі көмекке мұқтаж адамдардың үйіне барып көмектеседі. Медициналық студенттер үшін бұл үлкен тәжірибе. Кейбір медицина орталықтарында көмекте жүрген кейбір волонтерлер кейін сонда жұмысқа тұрды. Еуропада бар тәжірибе, бізге де сол еніп жатыр. 

Медициналық тәжірибеде науқас пен дәрігердің арасында кикілжің болып тұрады. Ал волонтерлерге деген науқастың да, басқа халықтың да ықыласы ерекше. Бұл мемлекеттік деңгейде еріктілерге деген құрмет пен қолдауының арқасында болар. Мәселен, хосписта аурудың соңғы сатысында, ем қонбайтын, яғни өлім сәтін күтіп жатқан науқастар жатыр. Волонтерлер онда ешқандай медициналық ем-шаралар жасамайды, тек науқастардың көңілін аулайды. Өздігінен тамақ іше алмайтындарды тамақтандырады. Жата бергеннен пайда болатын жауыр жара деген ауру бар. Соның алдын алу үшін қозғала алмайтын науқастарды ары-бері қозғалтады. Науқастар волонтердердің әр келгенін күтіп жатады. Біреудің келіп, соларға көңіл бөліп, бірге уақыт өткізгені олар үшін зор қуаныш. 

«ЕРІКТІЛІКТІ ЕРІККЕНДІК ДЕП ОЙЛАЙДЫ»

Кез келген жұмысты бастау қаржыға тіреледі. Ашылған соң 2 жылдан астам ақшаны өз қалтамыздан шығарып жүрдік. Соңғы жылдары мемлекет волонтерлік бастамаларға қаржылық қолдау көрсете бастады. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының кезекті конкурсына өтініш беріп, былтыр мүгедектегі бар жән ауыр науқастарға көмек көрсеу туралы бастамамызға грант алдық. 

Волонтерлікті көп адам еріккендік деп ойлайды. Біз ұйымдағы жастарды ақымен емес, мотивациямен ұстап отырмыз. Абай хәкім «пайда ойлама, ар ойла»деп бекер айтпаған. Адамға берілген түрлі мүмкіндік бар. Медицинада жүрген соң көптеген нығметтерді өз еркімен жасай алмай жүргендерді көреміз. Еркін тыныстана алмай аппаратқа қосылған, өздігінен дәретке бара алмай катетерге байланған және т.б. қиындыққа душар болғандар да кездеседі. Демек бізге, сау адамға, берілген нығметтердің өтеуі болу керек, яғни оны біз қоғамға пайдалы іс істеу арқылы қайтарайық деп түсіндіремін. Сабақтан, жұмыстан бос уақытын бос ұйқымен өткізбей, игі істерге арнауға үгіттеймін. Осындай ынта қалыптасса, келешекте пайдасын өздері көреді. Мәселен, табысқа жеткен бизнесмендерде сенбі-жексенбі деген күн жоқ, себебі әр күнге бір пайдалы істі жоспарлайды. Көптеген жастар сенбі-жексенбі кешке дейін ұйықтасам деп дайындалып жүреді. Жастарға үнемі «менен сыйлық немесе қолдау күтпеңіздер, себебі істеп жатқан жақсылықтардың сауабын беретін мен емес» деп айтамын. 

Қазақстанда медициналық волонтерлікпен жүйелі түрде айналысатын ұйымдар көп емес. Пандемия кезінде бәрі медволонтер болып кетті. Төтенше жағдайда халықтың біріккені дұрыс шығар. Бірақ уақыт өте келе қазір олар кемде-кем. Тұрақты істейтін «Қызыл жарты ай» ұйымын ғана айта аламын. 

Айтпақшы, кез келген адам медициналық волонтер бола алады. Өйткені олар укол салмайды, жараны танбайды, яғни дәрігерлік жұмысты істемейді. Тек науқастарға көмектессе жеткілікті. Ол көмектің түрлі жолы бар, мәселен бір науқасты таза ауаға шығару болса, енді бірін тамақтандыру керек.  

«НАУҚАСТАРДЫҢ АРМАНЫ ҚАРАПАЙЫМ»

Медицналық волонтерлікпен қатар, әріптестерімізбен бірлесіп «Армандар орындалады» деп аталатын жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Ол – ауыр дертке шалдыққан науқастардың армандарын орындап, сауығып шығуына септігін тигізуді көздейді. 

Былтыр хоспистегі науқастармен әңгімелесіп, оларды нені қалайтындарын сұрадық. Кейін сараптап қарасақ, армандары қарапайым. Бір науқастың арманы сау кезінде бастаған бір кітапты аяғына дейін оқу екен. Аяқ-қолы сал болып қалған соң, аяқтай алмай қалған. Волонтеріміз айтқан кітабын оқып берді. 

Тағы бір науқастың арманы шар көру екен, қыздарымыз әкеп бергенде балаша қуанды. Хосписте жасы бізден үлкен жас жігіт жүрді. Таныса келе оның анасы онкологиямен сол хосписте жатқанын білдік. Анасы ауырып қалғанда қасындағы қыздары көмектеспей қойған соң, Ресейде тұратын ұлы оқуын тастап, елге келген. Ұлы анасын емдету үшін барын сатып, қолдан келген мүмкіндікті жасап көрді. Ең соңында шешесін хосписке орналастырып, жанында болу үшін өзі де сонда санитар болып жұмысқа орналасқанын білдік. Волонтерлер келіп, науқастарға айран әкелсе «менің анама да беріңдерші» деп сұрастырады. Яғни, баласы анасының соңғы деміне дейін қасында болу үшін дүниенің бәрінен бас тартқан. Соны көргенде баланың анасына деген махаббаты мен қамқорлығына тәнті болдық. 

«Армандар орындалады» жобасында біз 14 жасқа дейінгі науқас әрі мүгедектігі бар балалардың армандарын орындауға тырысамыз. Бұл жобаны біз мемлекеттік грантқа бастадық. Алайда ол грант балалардың армандарын орындауға беріледі. Оған біз еліміздің әр өңірінде тілек ағашын орнатып қойдық. Біз материалдық емес арман-тілектерді өзіміз орындап, балақайларды қуантуға тырысамыз. Ал ақшаға тірелетін тілектерді орындау үшін демеушілердің көмегіне жүгінеміз.

Мәселен, биыл наурыз айында бір балақай әнші Димаш Құдайбергенді көруді армандайтынын жазды. Ол кезде Димаш Дубайда концертін өткізуге дайындалып жатқан. Демеуші табылып, әлгі балақай әкесімен бірге Дубайға барып келді. Димаш 4-5 сағат уақытын сол балаға арнап, оның есінде қалатын қуаныш сыйлады.

Есте қалған тағы бір сәт – онкологиялық дертке шалдыққан 3 және 4 жасар екі қыз бала болды. Арманы – ханшайым болу еді. Оларға әдемі көйлек пен тәж сыйлап, аниматорлар шақырылып көңілді кеш ұйымдастырылды. Балақайлардың қуанышында шек болмады. Бір айдан соң 3 жасар қыз өмірден өтті. Өмірден өтуіне аз қалғанда науқастардың дертіне дауа бермесек те, көңілін көтеруге тырысамыз. Науқастармен аз уақыт өткізсек те, бауыр басып қаламыз. Көтеріңкі көңіл күй сыйлау арқылы, сауығуына септігімізді тигізсек деген ниет. Әйтпесе одан пайда табу ойымызда жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама