Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды

Дастан Жұмабекұлы

Үміткер сынақтан мүдірмеді

фото: ашық дереккөз

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев қазақ тілінен емтихан тапсырды.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, бүгін Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша Лингвистикалық комиссияның отырысы өткен.

Лингвистикалық комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін үш бағыт бойынша анықтаған: шығарма жазу, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу, кандидаттың таңдаған тақырыбына көпшілік алдында сөз сөйлеуі.

Емтихан аяқталған соң, комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады.

Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов баяндады.

«Кандидат «Түркістан - ер түріктің бесігі» тақырыбына шығарма жазды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан ауызша үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ана тілім - асыл қазынам» тақырыбына ойын ауызша баяндады.

Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады», –  делінген хабарламада.