COVID-19 пандемиясы халық денсаулығының көрсеткіштеріне кері әсерін тигізген
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдарда жиі кездесетін ауруларды атады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ауыл тұрғындары көбінесе тыныс алу органдары ауруларынан (42,7%) зардап шегеді. Екінші орында ас қорыту (9%), үшінші орында несеп-жыныс жүйесі (6,3%), төртінші орында қан айналым жүйесі аурулары (5,4%) тұр. Одан кейін жазатайым оқиғалар мен жарақат салдарынан туындайтын аурулар (4,6%), онкологиялық індет (1%), - деді министр ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқылауға арналған Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Ажар Ғиният ауылдарда өлім-жітім көрсеткішінің құрылымында қанайналым жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім қалаға қарағанда басым екенін атап өтті.
Коронавирус пандемиясы халық денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне әсер еткенін атап өту керек, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, осыған дейін министр ауылдықтар қалалықтарға қарағанда ұзағырақ өмір сүретінін айтқан еді.