×

Қаңтар оқиғасы: Қызылордада қамалғандардың жағдайы белгілі болды

Депутаттар олардың халін барып білді

 Халық үні 21.02.2022 | 10:19
фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тергеу амалдарының ашық әрі әділ жүруін қадағалау мақсатында Мәжіліс төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаев, мәжілісмен Бақытбек Смағұл, Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі Серік Теңізбаев ЗК-169/1 тергеу изоляторына барды.

Кездесу барысында алдымен Қызылорда облысы ҚАЖД бастығы Шаймерден Есенкелдиев тергеу изоляторы қызметін ұйымдастыру мен қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандарды тергеп-тексеру тәртібі жайлы айтты.

Конституцияда көрсетілгендей, әр азамат – еліміздің ең қымбат қазынасы. Әр адамның құқықтары мен бостандықтары қорғалуы тиіс. Олай болса, кешегі қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әртүрлі қылмыс бойынша қамаудағы азаматтарға медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетіліп отыр. Олардың мекемедегі ұсталу жағдайы, тергеу барысындағы құқық қорғаушылардың қарым-қатынасы заң аясында жүргізіледі. Ешқандай азаптау мен заң бұзушылыққа жол берілмейді. Өйткені мекемеде жаппай бейнебақылау орнатылған. Қамаудағылардың құқықтық жағдайын бақылау үшін олармен жұмыс жасайтын жеке құрам бейнетіркегішпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ олардың туыстарымен жеке қабылдаулары күнделікті өткізіліп тұрады, – деді Қызылорда облысы ҚАЖД бастығы Шаймерден Есенкелдиев.

«Бүгін тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтарды сұрақтары бойынша жеке қабылдадық. Қабылдау барысында тергеу ісі бойынша құқық қорғаушылармен, туыстарымен байланыс мекеме басшылығы тарапынан тиісті деңгейде жағдай жасалып отырғанын көрдік. Қабылданушылар тарапынан денсаулық және жеке адвокаттармен кездесу бойынша шағымдар болған жоқ», – деді Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева.

«Осы оқиға бойынша республика көлемінде барлық аймақта жүргізілген тексеру Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен болғандықтан, тергеудегі азаматтардың әрқайсына қатысты жасаған қылмысына қарай, Қазақстан заңына сәйкес тиісті шешім әділ қабылдануы керек», – деді мәжілісмен Бақытбек Смағұл.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама