Қарағанды облысының әкімдігі Бектау ата шатқалындағы жарылыс жұмыстарын жоққа шығарды
Қарағанды облыстық экологиялық музейінің мамандары өңірдегі Бектау ата таулы аймағының жағдайына қатысты алаңдаушылық білдірді. Экологтар жекеменшік компания екі жылда шатқалда тас өндіру үшін 500 тонна жарылғыш зат жаруды көздеп отырғанын айтып, дабыл қақты.
Белгілі болғандай, 21 ақпанда «Дәнекер-Жол» ЖШС Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Бектау магматикалық жынысы кен орнының тау-кен жұмыстарының жоспары жобасы бойынша қоғамдық таңдау өткізбек болған. Аталған жобаға сәйкес, компания Бектау ата шатқалында 2022-2023 жылдары жол құрылысы үшін 1,5 млн тонна тас алу үшін 500 тоннадан астам жарылғыш заттар жаруды жоспарлаған. Экологтар тас өндіру нәтижесінде шатқалдың аумағында ауданы 8 гектардан асатын карьер қалатынын хабарлады. Қоғамдық тыңдау туралы анонс Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ресми сайтында жарияланды.
«Бұл ақпарат шыңдыққа жанаспайды. Мұнда жару жұмыстары жүргізілмейді. Қарағанды - Балқаш жолының құрылысына тапсырыс беруші болып табылатын «Қазавтожол» мемлекеттік компаниясының ақпараты бойынша, бұрын бұл жерде шынымен де карьер болған. Ол осы жылы жабылып, бұл жерде қалпына келтіру шаралары іске асырылады. Сондай-ақ карьер қорық аумағынан тыс жерде орналасқан», - деп жазды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.
Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, компания қоғамдық тыңдау өткізуге берген өтінішін қайтарып алған.
«Бірақ бүгінгі күні бірыңғай экологиялық портал бойынша берілген қоғамдық тыңдаулар жобалық құжаттарға тапсырыс берушінің («Дәнекер Жол» ЖШС) бастамасы бойынша кері қайтарылып алынды. Осы портал бойынша кері қайтарып алу себебі көрсетілмейді. Объектіде жарылыс жұмыстары жүргізілмейтін болды», - делінген басқарманың берген ресми жауабында.
Қарағанды облыстық экомузейінің даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыковың пікірінше, компания өтінішті қайтарып алғанына қатысты қуануға әлі ерте.
«Басқарманың сайтында жарияланған екі жылға арналған өтінішке қосып берілген талдау формальды түрде заң талаптары сақталғанын көрсетіп отыр. Алайда жобалық материалдарында көптеген сәйкессіздік бар. Мысалы, онда «Қызыл кітапқа» енген жануарлар жоқ деп көрсетілген. Шын мәнінде ол мекенде сирек кездесетін аң-құстар көп. Шатқалдан балалар лагеріне дейін 5 шақырым, демалыс аймағы да алыста емес», - деді Д.Калмыков.
Экологтың айтуынша, аталған компания бұған дейін де - 2019 жылы шатқалда тас өндірген. Алайда, қанша мөлшерде қазылғаны белгісіз.
«Қазір басқарма компания өтінішін кері қайтарып алғанын айтып отыр. Алайда бұл жағдай олардың жобадан бас тартқанын білдірмейді. Сондықтан, қуануға әлі ерте. Бұл тақырыпты елеусіз қалдыруға болмайды. Қар еріген соң сол жаққа барып, бұған дейінгі жару жұмыстарынан кейінгі ахуалды көріп, бағалау керек. Құжат бойынша олар рекультивациялық жұмыстарын жүргізу керек еді. Енді сол жұмысты бақылауға алу қажет. Қарағандының қасында қаншама тау шоқылары жойылды. Бұл қалыпты нәрсе болып саналғанымен, тарихи жерлерді құртуға болады деген сөз емес. Жол салу керек, бірақ сол үшін тарихи жерді бұзбау керек», - дейді эколог.
Бектау ата - Балқаш қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан табиғаты ерекше гранитті таулы аймақ. Ол «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасында «Ерекше құнды табиғи мұра ескерткіштері» санатына енген. Сондай-ақ онда Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлар бар.