Halyq Uni логотип
×

Елімізде жыныстық ауру мен ерте жүктілікке ұрынған оқушылардың саны артқан

11-15 жастағы оқушылардың 7 пайызы жыныстық қатынасқа түсіп көргенін айтқан

 Еркеғали Болатұлы 08.10.2022 | 12:30
Елімізде жыныстық ауру мен ерте жүктілікке ұрынған оқушылардың саны артқан
фото: ашық дереккөз

Қазір жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен таралатын инфекциялық ауру көбейген. Репродуктолог дәрігерлер осылай деп дабыл қағып жатыр. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы хабарлады.

Әлеуметтік зерттеуге сәйкес, жастардың 29 пайызы алғашқы жыныстық қатынысқа 15-19 жас аралығында түседі екен. Бұл тақырып кеше елордада өткен қазақстандықтардың репродуктивті әлеуеті жайындағы конференцияда айтылды. Мамандар жастар денсаулығын бақылауға алып, ювеналды медицинаны дамыту керек деген пікірде.

Бұл ретте ер балалар арасында простатит, эндеметриоз дерті дендеп барады. Ойнап жүріп от басып, жүкті болып қалған бойжеткендер де аз емес. Қазақстандағы әр алтыншы жүктілік түсік жасаумен аяқталады.

Репродуктивті денсаулық төмен. Әрбір үшінші ер бала жыныстық қатынасқа түседі. Қыздар екіқабат болады, аборт жасатады, гормондық дәрілер ішеді. Қабыну процесі, инфекциялар болады. Қаншама антибиотик дәрілер ішеді. Болашақта сапалы ұрық қалмайды, - дейді репродуктолог Салтанат Байқошқарова.

Репродуктолог мамандар, әсіресе, 10-20 жас аралығындағы жасөспірімдердің денсаулығына алаңдап отыр. Өйткені жыныстық қатынасқа ерте түсетін жастар қатарында бесіктен белі шықпаған оқушылар көп.

Жасөспірімдердің 43 пайызында жыныстық жолмен таралатын инфекциялық ауру симптомдары анықталған. Ал қыздардың 45 пайызы түсік жасатады. Мұның соңы – үлкен қауіп. Тіпті ерте жүктілік өлім факторларына да әкеледі. Ең сорақысы, 11-15 жастағы оқушылар арасындағы сауалнама нәтижесінде олардың 7 пайызы жыныстық қатынасқа түсіп көргенін айтқан, - дейді «Қазақстан халқының репродуктивті әлеуеті» республикалық альянсының президенті Айгерім Дощанова.

Соның салдарынан белсіздік пен бедеулік белең алып барады. Елімізде отау құрған ерлі-зайыптылардың 15 пайызы сәби сүйе алмай жүр. Ал бойына бала біткен аналардың да қорқынышы басым. Өйткені жыныстық жолмен таралған түрлі инфекция жатырға біткен ұрықтың да дамуын тежейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама