Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысының медицина ұйымдарына жыл сайын шамамен 85 млрд теңге қажет

Жыл сайын салаға бөлінетін қаржы жеткіліксіз болып отыр

 Динара Амантай 07.10.2022 | 14:36
Ақмола облысының медицина ұйымдарына жыл сайын шамамен 85 млрд теңге қажет
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысының медициналық ұйымдары үшін жыл сайын бөлінетін қаржы жеткіліксіз болып отыр деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, олыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру үшін биылға қарастырылған 65 миллиард теңгенің орнына шамамен 85 миллиард теңге қаржы қажет.

Сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша Ақмола облысының медициналық ұйымдары үшін жыл сайын шамамен 85 миллиард теңге қажет. Ал денсаулық сақтау жүйесінде жоспарланып отырған барлық жобаларды іске асыру үшін жылына шамамен 100 миллиард теңге, оның 85-і қор есебінен және 15 миллиард теңгесі жергілікті бюджет қаражатынан қажет, - деді ведомстводан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов өз сөзінде өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі оң өзгерістерге аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың арқасында қол жеткізіліп отырғандығын атап өткен еді. Оның айтуынша, облыс бес жыл бойы қол жеткізе алмай жүрген ангиографты, сондай-ақ мемлекеттік емханадағы жалғыз компьютерлік томографты сатып алды. Ақмола облысының бірде-бір мемлекеттік емханасында 2021 жылға дейін КТ мүлдем болмаған.

«Әрине, біздің медицина қызметкерлерінің дипломнан кейінгі біліміне назар аудару керек. Бізде бұл іс жүзінде жоқ. Барлық басқа салаларда қолданылған бюджеттік бағдарлама бізде әлі жұмыс істемейді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында бір жылда медицина қызметкерлерінің біліміне шамамен 1,8 миллиард теңге бөлінді. Бізде жергілікті бюджеттен әзірге оған ақша бөлінбейді. Сонымен қатар, дәрігерлерді шетелге оқуға жіберу керек. Әрбір емхана мамандарын оқыту үшін шамалы қаражат бөледі. Алайда, бұл әдетте, бірнеше маманды Астана қаласына жіберуге ғана жетеді. Бүгінгі күні «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы арқылы республика бойынша көптеген дәрігерлер шетелге барып, тағылымдамадан өтеді, магистратураны, докторантураны бітіріп келеді. Олардың қатарында Ақмола облысынан дәрігерлер жоқтың қасы», – дейді Нариман Сыздықов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама