×

Таразда 52 млн теңгенің мүлкі ұрланды: әкімдік көктемнен бері шара қабылдамай отыр

Шағын ауданға электр жүйесін жүргізуге 736 миллион теңге бөлінген

 Ұлдана Жұбай 07.10.2022 | 09:45
Коллаж: Халық үні

Таразда 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған инфрақұрылым ұрланып жатыр. Қаскөйлер Көлтоған шағын ауданына тартылған жарық желілерін ғана емес, құдық қақпағын да жаппай жымқырып кеткен.

Үй кезегінде тұрған тараздықтарға осы аумақтан жер телімі беріледі. Көлтоған шағын ауданында кезегі келіп, жер алғандардың бірі – Қанат Қадіров. Ол бұл жерді 16 жыл бойы күткен. Үй салайын десе, мұнда жарық желілері жоқ екенін айтады.

«2006 жылдан бері жер кезегінде тұрдым. Биыл осы аумақтан жер телімін алдым. Жап-жаңа кабельді бел ортасынан қиып, ұрлап кеткен. Осының алдын алып, әкімдік бір мекемеге тіркеп қоюы керек еді ғой. Немесе Көлтоғанның учаскелік полицейлеріне міндеттеуі керек еді», - дейді тараздық Қанат Қадіров.

Шағын ауданға газ, су, жарық желілерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 2 млрд 700 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Инфрақұрылым тарту жұмыстары былтыр аяқталған. Алайда жылдан аса уақыт қараусыз қалғандықтан 100-ге тарта бағананың желісі қиылып, су құдығының қақпағы да қолды болған.

«Биыл көктемнен бастап жер кезегінде тұрғандарға осы ауданнан жер беріле бастады. Сымдар үзілген, люк мүлде жоқ. Енді оларды кім қалпына келтіреді? Әрең қолымыз жеткен жерге өзіміз жарық орнатамыз ба? Өздерің жөндеп алыңдар десе, қалтамыз көтермейтінін анық қой. Жаңадан орнатқан кезде бейнебақылау неге қоймаған? Қаншама миллиард далаға кетті», - дейді тараздық Әділбек Қарабек.

Бұл жағдайға байланысты Тараз қаласы әкімдігі құзырлы органға жүгінген. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның қараусыз қалғанына әкімдіктің құрылыс бөлімі кінәлі екенін айтады.

Өйткені бұл бөлім жер телімдерін иелеріне рәсімдеп біткенше жарық желілерін күзетпен қамтуға тиіс. Қазірге дейін шығын көлемі 52 миллион теңгеге жеткен.

«Бұл аумаққа электр жүйесін жүргізуге 736 миллион теңге бөлінген. Көктемнен бастап оны ұрлау фактілері анықталды. Заң бойынша жарық сымдарын жүргізген мердігер пайдалануға берілгенше өзі жауап береді. Пайдалануға берілгеннен кейін құрылыс бөлімі жауап беруі керек. Алайда бұл жақта Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан конкурстық рәсімдер ұзаққа созылған. Соған байланысты уақытында күзет мекемесі анықталмаған. Күзет қою мәселесін енді қарастырамыз», - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Енді облыс басшылығы кінәліні анықтап, шығынды төлетуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Көлтаған шағын ауданында 1 460 жер телімі бар, оның 960-сы жер кезегінде тұрған азаматтарға берілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама