СҚО-да әкімдіктің жайбасарлығынан жетім балалар пәтеріне кіре алмай отыр

Самат Жақып

Мердігер мен аудан әкімдігі арасындағы дау сотқа жетсе де мәселе шешілмеген

Коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысында жылу болмаған соң жаңадан салынған тұрғын үй халық игілігіне берілмей отыр. Себебі былтырдан бері Мамлютка қаласындағы қазандықты сенімгерлік басқаруға алатын коммуналдық компания табылмаған.

Салдарынан 9 жылда 39 миллион теңгеге салынған стратегиялық маңызы бар нысандағы құрылғылар бірінен соң бірі істен шыға бастаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫНЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КӨРЕ АЛМАЙ ОТЫР

Мамлют ауданы облыс орталығынан 40 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Қалада орталық қазандықтың құрылысы 2013 жылы басталды. Нысан былтыр толығымен салынып бітті. Ол аудан әкімдігі, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары отыратын ғимаратқа және бірнеше көпқабатты тұрғын үйге жылу таратуға тиіс. Қазандықтың іске қосылғанын естіген соң кей тұрғын үйіндегі пешін бұзып тастаған. Алайда тұрғындар қазандық іске қосылса да, оның қызығын көре алмай отыр.

«Былтыр жазда әкімдіктен адамдар келіп, үйімізді жылу жүйесіне қосамыз деді. Қуанып, үйдегі пешті алып тастадым. Бірақ жоба сол күйі жүзеге аспаған. Қыста үйімді электр құрылғысы арқылы жылыттым. Екі балам бар. Отбасымызбен қыс бойы ауырып шықтық. Биліктегілер сөзінде тұрмаған соң, биыл 450 мың теңгеге соңғы үлгідегі пеш сатып алып орнаттым. Қалада тұрамыз деген аты ғана. Әлі отын-көмір аламыз. Оның үстіне әкімдерге сенуден қалдық. Олар былтырдан бері осы мәселені шеше алмай жүр», - дейді Мамлютка қаласының тұрғыны Гүлмира Зиль.

Аудан орталығында былтыр жаңа тұрғын үй бой көтерді. 30 пәтер 2021 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуге тиіс еді. Бұл пәтерлер көпбалалы аналар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.

«Былтыр құрылыстың қалай жүріп жатқанын көріп шошыған едік. Жылу дұрыс берілмеген, ішкі әрлеу жұмыстарына да селсоқ қараған. Төбесіндегі сылақ қаншама рет құлады. Қазір ол жерде жылу да, жарық та жоқ. Аумағы қоршаулы тұр. Ешкімді кіргізбейді», - дейді әйел.

Сондай-ақ тұрғындар құрылыс жұмыстары 4-5 ай бұрын аяқталғанын айтады. Алайда баспана кілті берілмеген.

«Нысан дайын тұр, бірақ әкімдік қабылдамай отыр. Нақты не үшін екенін білмеймін. Қазір үйдің бөлек тұрған өз жылу қазандығы жоқ. Былтыр құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде біз орталық қазандыққа қосылдық. Қазір күндіз пәтерді желдету үшін терезені ашып қоямын. Пәтерге жылу берілмеген, қабырғасы кеппей қалса, сыз тартып кетуі мүмкін. Түнде электр құрылғысын пайдаланамын», - дейді күзетші Қозыбай Заринов.

МЕРДІГЕР АУДАН ӘКІМДІГІН СОТҚА БЕРДІ

Қазандықты былтыр мердігер Евгений Лебедько іске қосты. Әкімдік бекітіп, қол қойған құжатпен қажетті құрылғылардың барлығын орнатқан. Бірақ жергілікті әкімдік оның жұмысын қабылдамаған. Мердігерге қалған 10 миллион теңгесін төлемеген.

Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукиннің пікірінше, кәсіпкер құрылғыларды тым қымбат бағаға сатып алған. Қазір кәсіпкер мен әкімнің арасындағы дау сотқа жетті. Судья мердігердің екі бірдей арызын қанағаттандырған. Алайда әкімдіктегілер тағы бір рет апелляциялық сотқа шағым түсірген.

«Былтыр аудан әкімі Владислав Лукинмен ортақ шешімге келуге тырысқан едім. Бірақ одан ештеңе шықпады. Амалым таусылған соң сотқа арыз жаздым. Екі сотта мен жеңіп шықтым. Енді келер аптада апелляциялық сот басталады. Дегенмен қыс жақындап қалды. Қазандықты қазір іске қоспасақ, барлық құбыр жарылып кетуі мүмкін. Сосын ертең оған кім жауап береді? Кім оны қайта қалыпқа келтіреді? Оның үстіне жыл басында мен аталған нысанда сараптама тағайындауға өтініш бердім. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасындағы мамандар мені қолдап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Қорытындысы қолымда тұр», - дейді мердігер Евгений Лебедько.

Айтуынша, бірқатар құбыр жарамсыз болып қалған. Ал оның бағасы 2-3 есе қымбаттаған.

«Аудан орталығына бұл қазандық керек болмаса, бюджеттен қыруар қаржы жұмсап, неге салдырды? Миллиондаған ақша желге ұшты. Прокуратура өкілдері неге бұл іске көз жұма қарап отыр?», - дейді ол.

ӘКІМДІК НЕ ІСТЕРІН БІЛМЕЙДІ

Әкімдік пен кәсіпкер арасындағы шудың шыққанына бір жылдан асты. Екі рет сотта жеңілген әкімдік не істерін білмей отыр. Бұл мәселеге байланысты аудан әкімі Владислав Лукин емес, әкімнің орынбасары жауап берді.

«Орталық қазандықты сенімді басқаруға беру үшін конкурс жарияланды. Порталға тіркелді. Тіпті компаниялардың бірімен арнайы келсізсөздер де жүргізіліп жатыр. Үйді тапсырғанша, біз жылу қазандығын іске қосып үлгереміз», - деді Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Ысқақ Насыров.

Әкімдік мердігер компания алдындағы берешегін толық қайтармай, нысанды сенімгерлік басқаруға бере алмайды. Бұл заңға қайшы болады. Қазандықты іске қосуға бірнеше рет конкурс жарияланған. Алайда ешкім табылмаған соң жергілікті бюджет есебінен отын-көмір сатып алынып, әкімшілікте жұмыс істейтін қызметкерлер кезекпен пеш жақты. Бұл биыл тағы қайталануы мүмкін.