Құбырдың құны 159 миллион теңге, кәсіпорын оны 60 миллион теңгеге бағалаған
Жамбыл облысы Талас ауданында әкімдікке қарасты «Игілік» көпсалалы кәсіпорны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының су құбырларын заңсыз сатқаны анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кәсіпорын «Мырзаш 2019» ЖШС-мен 2019 және 2020 жылы сатып алу-сату келісімшартын жасасқан. 2021 жылы «GaISM» ЖШС-мен келісімге отырған. Кәсіпорын 30 шақырымнан асатын құбырды 60 миллион теңгеге бағалаған. Сондай-ақ бағалау актісіз келісімшарт жасасқан.
Жамбыл облысы прокуратурасының хабарлауынша, келісімшарт бұзылды, мүлік мемлекет теңгеріміне қайтарылды.
Талас ауданы прокуроры Нұржан Әділовтің айтуынша, кәсіпорын бүтін құбырды сынған деп көрсеткен. Сатылым құжатындағы құбырлар әлі қолданылып жатыр. Жоспар бойынша ескі су құбырын жыл соңына дейін жаңарту жоспарланған.
Сондай-ақ прокуратура мүлік құнын бағалады. Нәтижесінде 30 шақырымнан асатын су құбырының нақты бағасы 159 миллион теңге екені анықталды.
Аудан прокуратурасы кәсіпорынның басқа да заңбұзушылықтарын анықтады.
«Кәсіпорын жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау кезінде Қаратау қаласының тұрғындарынан көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлесіне сервистік қызмет көрсеткені үшін әр абоненттен 100 теңгеден заңсыз артық төлем алып отырған», - делінген Жамбыл облысы прокуратурасы таратқан ақпаратта.
Осылайша, 4 400 абоненттен 7 миллион теңгеден астам заңсыз төлем алынған.
Нәтижесінде негізсіз төлем алу тоқтатылды, жылу қызметінің тарифтік бағасы 16 теңгеге төмендетілді.