Бұл жөнінде заңгерлер коалициясының өкілі Шыңғыс Темір хабарлады
Нұр-Сұлтан қалалық соты Aqiqat корпоративтік заңгерлер коалициясының жеке шағымын қанағаттандырып, Кіші Талдыкөлдің екі аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтатты. Бұл жөнінде коалиция өкілі Шыңғыс Темір Facebook парақшасында хабарлады.
«Қалалық сот жеке шағымымызды қанағаттандырып, көлдің кейбір аумақтарында – «Зеленый квартал» және «City Lake» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы жерде жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмысын тоқтатуды ұйғарды», деп жазды Шыңғыс Темір.
Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл шешімнің көлдің оңтүстік жағындағы аумақтарға қатысы жоқ.
Еске салайық, 7 ақпанда елорда әкімдігі Үлкен және Кіші Талдыкөлде экопарк ашылатынын, осы мақсатта 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінгенін хабарлады.
Е-10 көшесі, «Зеленый квартал» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы Кіші Талдыкөлдегі экопарк жобасы абаттандырылып, су қоймасының бойында судың табиғи сүзілуін және қажетті экожүйені құруға мүмкіндік беретін тастан жасалған жағалау болады. Сондай-ақ су деңгейін сақтап әрі оттегімен біркелкі қанықтыру үшін биодренаждық жүйені ұйымдастыру және су айдынын аэрациялау көзделіп отыр екен.