Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының халқымен кездесуде Үкіметке өңірдің транзиттік әлеуетін дамытуды тапсырды.
Кездесуде ол Павлодар облысының еліміздің экономикасының энергетикалық жүрегі деуге болатынын, еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндірілетінін, Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде екенін, облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейтінін айтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуды әрі қарай жалғастыра беру керектігін атап өтті.
«Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр», – деді ол.
Одан кейін президент Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бола тұра Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отырғанын, оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болғанын ескертті.
«Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет», – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.
«Дегенмен Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды.
Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн», – деп Үкіметке тапсырма берді.
Жалпы, ол еліміздің жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басқанын, сол себепті алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді іске асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенетінін жасырмады.