«Табаррук Зиёрат» түркі елдерінің тарихын біріктіретін туристік өнімге айналады
Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдары мен туристік компанияларының қатысуымен «Табаррук Зиёрат» серпінді жобасын іске асыруға арналған Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде форум өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, «Табаррук- Зиёрат» — Қазақстан мен Өзбекстандағы Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орталықтарды: Түркістан-Самарқанд-Ташкент біріктіретін қажылық туризмі бойынша трансшекаралық туристік жоба.
Туроператорлардың қатысуымен Өзбекстанмен бірлесіп ілгерілетілетін трансшекаралық тур әзірленеді деп күтілуде.
Форумда шекарадан өту, туристік өнімді бірлесіп ілгерілету, туристік нысандарда саяхатшылар үшін тиісті жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.
«Табаррук Зиёрат» серпінді жобасының іске қосылуы екі ел арасындағы туризмді дамытуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, ежелгі қалалар мен ескерткіштерді ғана емес, ең бастысы түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын біріктіретін бірегей туристік өнімге айналады, – деді Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша жобаны іске асыру үшін бірлескен іс-қимыл жоспары қолға алынды. Оған жақын арада қол қойылады.