Қайғылы жағдай 3 қазанда болған: ер адам алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды
«Алматы-Ақтөбе» бағытында жүретін жолаушылар пойызы белгіленбеген жерде темір жолдан өтіп бара жатқан ер адамды қағып кеткен. Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 3 қазан күні Шамалған станциясында болған. Ер адам оқиға орнында қайтыс болған.
Алматы 1 станциясындағы желілік полиция басқармасы бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзу) сәйкес қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, биыл тоғыз айда белгіленбеген орындарда темір жолды кесіп өткен 34 019 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тоғыз ай ішінде 72 адам пойыздың астына түссе (10-ы балалар, 8-і мерт болды), соның тең жартысынан астамы көз жұмды.