×

Жамбыл облысында депутат 3 мың адамға ас берді: «Ұлан-асыр тойда әкімдік қызметкерлері табақ тасыған»

Тойда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 150 полицей жұмылдырылған

 Ұлдана Жұбай 05.10.2022 | 13:26
скриншот: видео

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Сарысу ауданы әкімдігінің қызметкерлері аудандағы ең ауқатты азаматтың тойында киіз үй тігіп, табақ тасып жүрді деген ақпарат тарады.

Әшір Бүркітбаев ауылында өткен тойды иесі – Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Досбол Жылқыбаев. Желі қолданушылары ауқатты азамат ұлының тұсаукесер тойын жасау үшін мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа тартқанын жазды.

Сарысу ауданы әкімдігі қызметкерлері депутаттың тойында болғанын растады. Олардың сөзінше, той иесі бастапқыда тұсаукесер жасайтынын айтпаған. Тек балалар жылына байланысты бұқаралық іс-шара болады деп аудан әкіміне ресми хат жазған. Әкімдік тойға 3 мыңнан астам адам шақырылғанын айтып, қауіпсіздік мақсатында көмек көрсетілгенін жеткізді.

«Ауданымыздың абыройлы азаматы Досбол Жылқыбаев 9 қыркүйекте мәдени-көпшілік іс-шара өткізді. Қалың көпшілік жиналатындықтан, біз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырыстық. Яғни, шараға 150-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды», - деді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов.

Ал депутат ұлан-асыр той жасағанын балаларға базарлық деп атады. Айтуынша, балалар жылында спорт жарысын өткізіп, ас берген. Сол жиынның соңында ұлының тұсауын кестірген.

«Сарысу ауданы әкімдігіне айтар алғысым шексіз. Қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Алғашында іс-шарада ішімдік сататындарды қадағалау үшін әкімге өзім өтінішпен шыққанмын. Бірден келісті. Бұл шара көпшілікке ұнады. Әлі күнге дейін алғысын айтып жатыр», - деді Жамбыл облысы мәслихат депутаты Досбол Жылқыбаев. 

Ал желі қолданушылары аудан әкіміне қатысты тексеру жүргізуді талап етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама